ДСМ Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты ресми түсініктеме берді
Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен бірлесіп, Ұлттық ұланның бұрынғы әскери қызметшісі Мұхтар Ербаянның қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Министрлік мәліметінше, дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күрескен. Алайда ауыр жарақаттардың салдарынан бас миында қайтымсыз өзгерістер орын алып, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
«Науқас Мұхтар Ербаян Хамитұлы 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан аса ауыр жағдайда болды», – делінген ДСМ түсіндірмесінде.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, науқастың жағдайы ұзақ уақыт бойы ауыр күйінде қалған. Оған қарқынды терапия жүргізіліп, респираторлық қолдау көрсетілген.
«Ұзақ уақыт бойы тұрақты вегетативтік күй сақталды. Респираторлық қолдауды қоса алғанда, қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің біртіндеп нашарлауы байқалды. Атап айтқанда, қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқастың жағдайы аса ауыр күйінде қалды. Медицина мамандары тарапынан барлық қажетті реанимациялық және емдік іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізілді», – делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен ұйымдастыруымен науқас ем алу үшін Түркия Республикасына жіберілген. Министрлік мәліметінше, онда бастапқы диагноз расталған.
2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқаттың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыған.
«2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды. Науқас ең заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған палатада ем қабылдады. Оған заманауи дәрілік терапия жүргізіліп, ерекше күтім жағдайлары қамтамасыз етілді», – деді ДСМ баспасөз қызметі.
Министрлік медициналық персонал емдеу мен күтімнің барлық қажетті көлемін қамтамасыз еткенін мәлімдеді. Сондай-ақ науқастың туыстарына жансақтау бөлімшесіне кіруге мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалғаны айтылды.