Әлем кубогында алтын алған елордалық боксшылар Астанаға оралды
Фото: Gov.kz
Қытайдың Гуйян қаласында өткен бокстан Әлем кубогында ел намысын қорғап, алтын медаль жеңіп алған елордалық спортшылар Астанаға оралды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жеңімпаздар қатарында Қазақстан құрамасының капитаны, аса ауыр салмақта өнер көрсететін Айбек Оралбай және 50 келі салмақ дәрежесіндегі Санжар Тәшкенбай бар.
Спортшыларды елорда әуежайында ата-аналары, туған-туыстары, спорт саласының өкілдері мен жанкүйерлер салтанатты түрде қарсы алды. Әлем кубогында топ жарып, ел мерейін асырған боксшыларға құрмет көрсетіліп, жылы лебіздер айтылды.
Әлем кубогының жеңімпазы Айбек Оралбай елге жеңіспен оралғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Елге оралып, ерекше қуанып тұрмын. Әлем кубогы өте жоғары деңгейде өтті. Жарысқа 40-тан астам мемлекеттің спортшылары қатысып, бәсекелестік өте жоғары болды. Сондықтан бұл турнирді әлем чемпионатымен деңгейлес деуге болады. Өзім төрт жекпе-жек өткіздім. Әр кездесу оңайға соққан жоқ, бар күш-жігерімді салдым. Қазақ еліне алтын медаль сыйлағаныма өте қуаныштымын. Біз осымен тоқтап қалмаймыз. Алдымызда Азия ойындары, әлем чемпионаты және Олимпиада ойындары тұр. Сол жарыстарға тыңғылықты дайындалып, еліміздің абыройын асқақтату үшін еңбек ете береміз. Қолдау білдіріп, жанкүйер болған барша қазақ еліне алғысымды білдіремін».
Айта кетейік, дүбірлі додаға әлемнің 44 елінен 300-ге жуық спортшы қатысты. Аталған жарыста астаналық былғары қолғап шеберлері екі алтын медаль жеңіп алды.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 5 алтын және 3 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.