Астанада пара каратэден Азия чемпионатының жүлдегерлері салтанатты түрде қарсы алынды
Фото: Gov.kz
Индонезияда өткен WKF пара каратэден V Азия чемпионатына қатысқан астаналық спортшылар елордаға оралды. Құрлық біріншілігінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Астана халықаралық әуежайында туған-туыстары, жақындары, достары, әріптестері, спорт қауымдастығының өкілдері және жанкүйерлер қарсы алды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Еске салайық, Азия чемпионаты 16-21 маусым аралығында өтті. Жарысқа құрлықтың 7 елінен 50-ге жуық спортшы қатысты.
Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді. Бұл жетістікке елордалық спортшылар да қомақты үлес қосып, 2 алтын және 3 қола медаль жеңіп алды.
Азия чемпионы атанған спортшылар қатарында Ләззат Жүсіпова мен Нұржайна Жаннетова бар. Ал Рустам Билялов, Азиза Ибраимова және Ерлан Нұрмағамбетов құрлық біріншілігінің қола жүлдегері атанды.
«Елорда» спорт клубының жаттықтырушысы Мейрамгүл Дукуеваның айтуынша, команда Азия чемпионатына бір жыл бойы жүйелі түрде дайындалған.
«Бұл жеңіс – спортшылардың қажырлы еңбегі, тәртібі және жүйелі дайындығының нәтижесі. Біздің пара каратэшілер жоғары шеберлік деңгейін көрсетіп, Қазақстан құрамасының Азия чемпионатының жалпыкомандалық есебінде алғаш рет жеңімпаз атануына зор үлес қосты. Біз бұл турнирге бес жылдан бері қатысып келеміз. Сондықтан бұл жеңістің біз үшін маңызы ерекше».
Жаттықтырушы бұл нәтиже елордалық пара каратэшілер үшін ғана емес, жалпы Қазақстан құрамасы үшін де маңызды жетістік екенін атап өтті.