Тоқаев Groupe ADP басшысымен Алматы әуежайын дамыту мәселесін талқылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Groupe ADP компаниясының бас директоры Филипп Паскальмен кездесті.
Кездесу барысында Алматы әуежайын ұзақмерзімді перспективада дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Президент әуе хабтарын өркендету көлік-логистика саласындағы стратегиялық басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Groupe ADP компаниясының Алматы әуежайы инфрақұрылымын басқаруға қатысуы табысты серіктестіктің маңызды үлгісі бола алады.

Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы компанияның жаңа халықаралық терминал салу сияқты бірқатар ірі жобаны тиімді жүзеге асырғанына тоқталды. Бұл Алматы әуежайы инфрақұрылымын жаңартуға және жолаушылар ағынын жылына 14 миллион адамға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Филипп Паскаль Алматы әуежайын дамытуға арналған ұзақмерзімді бас жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат берді. 2050 жылға дейінгі инвестициялық бағдарламаны іске асыру әуежайдың өткізу қабілетін жылына 55 миллион жолаушыға дейін жеткізуге жол ашады.
Кездесуде өңірлердегі әуежайларды дамытуға бағытталған жаңа бірлескен жобаларды ілгерілету перспективалары да қарастырылды.
Groupe ADP бас директоры Қазақстанда авиациялық инфрақұрылымның жұмыс істеуіне арналған қолайлы нормативтік-құқықтық база қалыптасқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Брюссельге сапары кезінде қол қойылған Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы келісім саланы дамытудағы маңызды қадам болатынына сенім білдірді.
Groupe ADP әуежай инфрақұрылымын басқару саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі саналады. Топ Париждің негізгі әуежайларын басқарады, сондай-ақ TAV Airports сияқты еншілес құрылымдар арқылы 20-дан астам елдегі әуежайларға иелік етеді.