Астанадағы Жастар сарайында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын насихаттауға арналған «Jas STAR Dance Fest» көпжанрлы би фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау, жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру және салауатты өмір салтын дәріптеу. Сонымен қатар фестиваль жас ұрпақтың құқықтық санасын арттыруға, бос уақытын тиімді өткізуіне және мәдени ортадағы белсенділігін күшейтуге бағытталды.

Фото: Gov.kz

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптастырудың маңызды тетіктерінің бірі саналады. Осы тұрғыда фестиваль жастарды өнер арқылы біріктіріп қана қоймай, заңға бағыну, өзара құрмет және азаматтық жауапкершілік құндылықтарын насихаттайтын алаңға айналды.

Жастар сарайы директорының орынбасары Әділ Орынбасарұлы фестивальдің мән-маңызына тоқталды.

«Фестивальге еліміздің түрлі өңірлерінен келген бишілер қатысып, Contemporary, Modern, Jazz, Street Dance Show және K-pop бағыттары бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Бағдарлама аясында би баттлдары ұйымдастырылып, қатысушылар шығармашылық шеберлігімен қатар тәртіп пен әділ бәсекелестік қағидаттарын ұстануға үнделді. Қатысушылар соло, дуэт, шағын топ және 40 адамға дейінгі би ұжымдары құрамында өнер көрсетті».

Байқау Baby, Kids, Junior және Adults жас санаттары бойынша өтті. Атап айтқанда, 6-7 жастағы қатысушылар Baby, 8-11 жастағылар Kids, 12-17 жастағылар Junior, ал 18 жастан жоғары қатысушылар Adults санатында бақ сынады.

Фестиваль ашық конкурстық негізде, офлайн форматта өткізілді. Айтулы сайысқа 700-ге жуық бала қатысып, өз өнерін көрсетті.

Қатысушылардың өнерін хореография саласының кәсіби мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар электронды дипломдармен марапатталды.

Фото: Gov.kz