2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда бүкілхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция толық күшіне енеді. Осы күннен бастап қазіргі Мәжіліс пен Сенаттың өкілеттігі тоқтатылып, елдің мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар маңызды өзгеріс іске асады.

Жаңа конституциялық нормалар мемлекеттік билік құрылымын, жоғары өкілді органның жұмыс тәртібін, саяси институттардың рөлін және бірқатар заңнамалық ұғымдарды өзгертеді. Сарапшылар бұл кезеңді Қазақстанның саяси-құқықтық жүйесіндегі жаңа бетбұрыс ретінде бағалап отыр.

Саяси жүйеде жаңа кезең басталады

Саясаттанушы Жанат Момынқұловтың айтуынша, 1 шілдеден бастап күшіне енетін институционалдық өзгерістер елдің саяси жүйесіне елеулі ықпал етеді.

«Саясаттану тұрғысынан мұндай қадамдар “қайта жүктеу” ретінде бағаланып, мемлекет үшін жаңа мүмкіндіктер терезесін ашады».

Сарапшының пікірінше, жаңа конституциялық нормалардың мазмұны елдің алдағы саяси дамуына тікелей әсер етеді. Егер реформалар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейтіп, мемлекеттік органдардың есептілігін арттырып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталса, бұл биліктің қоғам алдындағы легитимділігін нығайтады.

«Егер бұл өзгерістер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтып, мемлекеттік органдардың есептілігін арттырып, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін нақты қорғауға бағытталса, бұл биліктің қоғам алдындағы саяси легитимділігін күшейтеді. Ал ішкі тұрақтылық пен тиімді институттар – кез келген елдің халықаралық беделін айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Мұндай жағдайда мемлекет реформаларға, модернизацияға бейім ойыншы ретінде қабылданып, оның инвестициялық тартымдылығы арта түседі».

Сонымен бірге саясаттанушы өтпелі кезең белгілі бір саяси тәуекелдермен қатар жүретінін айтады. Оның сөзінше, Үкіметтің доғарысы мен Парламенттің таратылуы қысқа мерзімде саяси белгісіздік тудыруы мүмкін.

«Үкіметтің доғарысы мен Парламенттің таратылуы қысқа мерзімді саяси белгісіздік туындататыны анық. Әсіресе партияаралық динамика мен алдағы сайлау процесі бұл кезеңнің шиеленісті өтетінін айқындайды. Саяси элитаның бірлесіп жұмылуы, партиялардың белсенділігі және электораттың сенімі билік тұрақтылығының ең негізгі кепілі болмақ. Дегенмен, бәсекенің шектеулі болуы сыртқы бақылаушылар үшін елдегі саяси процестердің ашықтығына қатысты сұрақтар туғызуы мүмкін».

Сарапшы халықаралық қауымдастықтың реформаларға беретін бағасы олардың нақты нәтижесіне байланысты болатынын атап өтті.

«Егер өзгерістер нақты институционалдық нәтижелерге алып келсе, елдің имиджі “қолмен басқарылатын саяси өзгерістер” немесе “эволюциялық демократия” үлгісі ретінде нығаяды. Ал реформалар тек элиталық қайта бөлініс деңгейінде қалып қойса, бұл ішкі және сыртқы сенімге кері әсер етуі ықтимал».

Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимовтың айтуынша, 1 шілдеден бастап жаңа Конституция толық заңды күшіне енеді.

«Бұл конституциялық реформа негізгі заңның 84 пайызын қамтыды. Ең бастысы – мемлекеттік басқару жүйесі мен мемлекеттік-құқықтық үлгі өзгереді. Мемлекеттік органдардың өзара қарым-қатынасы, билік тармақтарының жұмыс істеу тетіктері қайта қалыптасады».

Профессор негізгі өзгерістердің бірі ретінде екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтайдың құрылуын атады. Сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесіне вице-президент институты енгізіледі.

«Ең жоғары заң шығарушы орган ретінде бір палаталы кәсіби Құрылтай сайланады. Сонымен қатар мемлекеттік құрылымға вице-президент институты енгізіледі. Бұл саяси биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған институт. Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесі құрылады. Осы өзгерістердің барлығы мемлекеттегі саяси архитектураны өзгертеді».

Жамаладен Ибрагимовтың айтуынша, 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заң күшіне енеді. Осы күннен бастап Сенат пен Мәжілістен тұратын қазіргі Парламент өз қызметін тоқтатады.

«Осы күннен бастап Сенат пен Мәжілістен тұратын қазіргі Парламент өз қызметін толық тоқтатады. Президент жаңа Құрылтайды сайлау туралы жарлыққа қол қояды. Сайлау бір-екі ай көлемінде өтуі мүмкін. Құрылтай 145 депутаттан тұрады және олар бес жыл мерзімге сайланады».

Азаматтардың құқықтарына қатысты жаңа нормалар енгізіледі

Жаңа Конституцияда азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар норма қарастырылған. Соның бірі – ұсталған азаматқа оның құқықтары мен бостандығын шектеу негіздерін міндетті түрде түсіндіру талабы.

«Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негіздері мен оның құқықтары түсіндіріледі. Әлемдік тәжірибеде бұл Миранда ережесі деп аталады. Құқық қорғау органдары азаматқа оның қандай бап бойынша ұсталғанын түсіндіруге, үндемеу құқығы бар екенін айтуға, адвокат шақыруға және телефон соғуға құқығы бар екенін хабарлауға міндетті».

Тағы бір маңызды өзгеріс – азаматтардың Конституциялық сотқа тікелей жүгіну мүмкіндігі. Егер азамат қандай да бір заң нормасы өзінің құқықтары мен бостандықтарын шектейді деп есептесе, ол Конституциялық сотқа тікелей өтініш бере алады.

«Егер азамат қандай да бір заң нормасы өзінің құқықтары мен бостандықтарын шектеп тұр деп есептесе, Конституциялық сотқа тікелей жүгіне алады. Ең маңыздысы – бұл өтініш үшін мемлекеттік баж төленбейді».

Сонымен қатар адвокаттардың мәртебесі конституциялық деңгейде бекітіледі. Профессордың айтуынша, бұл сот процесінде тараптардың теңдігін қамтамасыз етуге және азаматтарға көрсетілетін құқықтық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.

«Енді адвокаттар сот процесінде прокурорлармен және басқа қатысушылармен тең дәрежеде әрекет ете алады. Бұл азаматтарға көрсетілетін құқықтық көмектің сапасын арттырады».

Қазақстан Халық Кеңесі құрылады

Жаңа Конституция аясында Қазақстан Халық Кеңесі консультативтік-кеңесші орган ретінде жұмыс істейді. Жамаладен Ибрагимовтың айтуынша, бұл органға түрлі қоғамдық топтардың өкілдері қатыса алады.

«Бұл орган 126 мүшеден тұрады. Оның 42 мүшесін этномәдени бірлестіктер, 42 мүшесін қоғамдық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар, тағы 42 мүшесін мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер ұсынады».

Сарапшының пікірінше, мұндай құрылым қарапайым азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.

Экономика мен сауда саласында да өзгерістер болады

Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, 1 шілдеден бастап азаматтар мен кәсіпкерлер күнделікті өмірде байқайтын бірқатар жаңалық күшіне енеді. Соның бірі – Ұлттық тауарлар каталогының іске қосылуы.

«Енді саудамен және өндіріс саласымен айналысатын кәсіпкерлер өз тауарларын ұлттық каталогқа енгізуі керек. Әр өнімнің суреті, сипаттамасы, шыққан жері, көлемі, қолданылу мақсаты сияқты мәліметтер көрсетіледі. Бұл елдегі тауар айналымын бақылауға және үлкен аналитика жүргізуге мүмкіндік береді».

Депутаттың айтуынша, тұтынушылар да QR-код арқылы тауар туралы толық ақпарат ала алады. Сонымен қатар маркетплейстердің жұмысына жаңа талаптар енгізіледі.

«Бұрынғыдай тауарды бейресми жолмен әкеліп сату мүмкін болмайды. Сауда тек ресми тәртіппен жүргізілуі тиіс».

Айтуар Қошмамбетов жеке пайдалануға арналған құны 200 долларға дейінгі тауарларға қатысты бұрынғы жеңілдіктер сақталатынын да айтты.

«Тенге» сөзі «теңге» болып жазылады

1 шілдеден бастап Салық кодексіне де бірқатар терминологиялық өзгеріс енгізіледі. Соның ішінде ресми құжаттардағы «тенге» сөзі «теңге» болып жазылады.

Бұл ақша реформасы емес және ұлттық валютаның өзгеретінін білдірмейді. Өзгеріс тек ресми құжаттардағы жазылу нормасына қатысты.

Сонымен бірге Салық кодексінде бірқатар термин жаңартылады. Мысалы, «республикалық референдум» тіркесі «бүкілхалықтық референдум» деп өзгертіледі. Ал кейбір нормаларда Парламент атауының орнына Құрылтай термині қолданылады.

Сарапшылардың пікірінше, 1 шілде Қазақстан үшін тек заңнамалық өзгерістер күні емес, елдің саяси және институционалдық дамуының жаңа кезеңі болмақ.

Алдағы айларда жаңа Құрылтай сайлауын өткізу, мемлекеттік институттарды қайта қалыптастыру және жаңа Конституция нормаларын іске асыру жұмыстары басталады. Бұл өзгерістердің тиімділігі олардың қағаз жүзінде емес, нақты өмірде қалай орындалатынына байланысты болады.