Қазақстандық оқушылар физикадан Еуропалық олимпиадада 4 медаль жеңіп алды
Қазақстан оқушылары Швецияның Гетеборг қаласында өткен физикадан 10-шы Еуропалық олимпиадада (European Physics Olympiad, EuPhO 2026) үш күміс және бір қола медаль еншіледі.
Аталған беделді халықаралық жарысқа әлемнің 41 елінен 200-ден астам оқушы қатысқан.
Қазақстан құрамасы жалпы төрт медаль жеңіп алып, жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Күміс медаль иегерлері:
Арғын Сейтқамит – Астана қаласы Нұра ауданындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы;
Тайыр Әбдіқадыр – Қостанай облысы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
Мерген Сабыров – Астана қаласы Nurorda мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы.
Қола медаль иегері:
Абылайхан Жоламан – Алматы қаласындағы Nurorda мектебінің 10-сынып оқушысы.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, оқушыларды жарысқа әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Бекмырза Бейсенов пен халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Темірлан Исмағұлов дайындаған.
Ведомство бұл нәтиже қазақстандық жас физиктердің дайындық деңгейі жоғары екенін көрсетіп, елдің халықаралық білім кеңістігіндегі беделін арттыратынын атап өтті.