Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты қабылдап, Қытай Халық Республикасында өткен «Alatau City Roadshow» халықаралық таныстырылымының қорытындыларымен танысты.

Қанат Бозымбаевтың мәліметінше, іс-шара аясында 20-ға жуық түрлі форматтағы кездесу ұйымдастырылып, нәтижесінде жалпы құны 6,4 миллиард АҚШ долларын құрайтын 30 келісім мен меморандумға қол қойылған. Таныстырылым барысында Шэньчжэнь қаласының мэрі Цинь Вэйчжунмен, Гонконг арнайы әкімшілік ауданының басшысы Джон Лимен және бірқатар ірі халықаралық компания өкілдерімен кездесулер өткізіліп, Алатау қаласының инвестициялық әлеуеті таныстырылған.

Сонымен қатар, Президентке Алматы облысына жасаған сапары кезінде берілген тапсырмалардың орындалу барысына қатысты әзірленген жұмыс жоспары жөнінде баяндалды.

Кездесу барысында, су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жобалар да қаралды. Атап айтқанда, гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту, жаңа су қоймалары мен каналдар салу жұмыстары бойынша есеп ұсынылды.

Бұдан бөлек, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы талқыланды. Биыл тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту үшін 1,1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінетіні айтылды. Бұл қаржы отандық және халықаралық қаржы институттарының қатысуымен тартылып отыр. Жоба нәтижесінде үш жыл ішінде коммуналдық желілердің тозу деңгейін 40 пайызға дейін төмендету жоспарланған.

Мемлекет басшысы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда, отандық тауар өндірушілердің үлесін арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар вегетациялық кезеңде, әсіресе оңтүстік өңірлерде су ресурстарын бақылауды күшейтуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамытуда тұрақты экономикалық модель қалыптастырудың және халықаралық инвестиция мен инновация тартуға қолайлы орта жасаудың маңызын ерекше атап өтіп, Үкіметке тиісті инфрақұрылымды дамытуға қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуді жүктеді.