Астанада «Қауіпсіздік өзіңнен басталады» акциясы ұйымдастырылды
Фото: Gov.kz
Астанадағы Орталық саябақтағы Есіл өзенінің жағалауында Төтенше жағдайлар департаменті, Полиция және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы бірлесіп, «Қауіпсіздік өзіңнен басталады» атты акция өткізді. Іс-шараның мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарына су айдындарында қауіпсіздік шараларын түсіндіру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды.
Акция барысында мамандар жағажайға шыққан тұрғындармен әңгімелесіп, суда абай болудың ережелерін түсіндірді. «Биылғы шомылу маусымында басты назар – тұрғындардың судағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға аударылды. Құтқарушылар мен волонтерлердің бірлескен жұмысы арқылы азаматтар өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауды үйренеді», – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Севиль Асадова.

Фото: Gov.kz
Төтенше жағдайларды жою басқармасының капитаны Жанболат Мухан балаларды жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша кеңестер берді. Оның айтуынша, балалардың бақылаусыз суға баруы немесе өз күшін дұрыс бағаламауы қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін.
Мамандар жазғы маусымда судағы инциденттердің негізгі себептерін атап өтті:
- судың асты мен өз күшін дұрыс бағаламау;
- жағажайларда алкоголь пайдалану;
- балалардың ересектердің қарауынсыз қалуы.

Фото: Gov.kz
Ата-аналарға ұсынылған негізгі шаралар:
- балаларды су айдындарында және қауіпті жерлерде біреусіз қалдырмау;
- жазғы демалыста арнайы үйірмелер мен спорт секцияларына қатыстыру;
- балаларға судың қауіпі мен қауіпсіздік ережелерін тұрақты түрде түсіндіру.

Фото: Gov.kz
Астана қаласының ТЖД алдағы уақытта да профилактикалық рейдтерді жалғастырып, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық материалдарды тұрақты түрде жариялайды.