ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин 2026–2029 жылдарға арналған халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар нәтижелерін Үкімет отырысында таныстырды.

Вице-министрдің хабарлауынша, жоспар іске асырылған жағдайда бюджет саласында қызметкерлердің жалақысы өседі, ал халықтың, әсіресе төмен және орташа табысты топтарының кірістері инфляция деңгейінен 2-3%-ға жоғары болады.

«Бұл шара қоғамдағы әртүрлі топтар арасындағы табыс алшақтығын қысқартады» – деді Әмрин.

Сонымен қатар, заманауи технологиялар мен білікті кадрлармен қамтамасыз етілген сапалы жұмыс орындары құрылып, өндірістің тиімділігі артады. Жоспар бойынша жыл сайын 240 мың сапалы жұмыс орны ашылады.

Кәсіпорындармен 600-ден астам меморандум жасалып, дуальды оқыту моделі күшейтіледі. Бұл өз кезегінде адами капиталдың сапасын арттырып, мамандарға кәсіби және цифрлық дағдыларды игеруге мүмкіндік береді.

Ауылдық жерлерде 30 мыңнан астам бюджеттік шағын несие беріледі, кәсіпкерлік дамиды, сапалы жұмыс орындарының саны жыл сайын 10%-ға өседі. Сонымен бірге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен қызметтерге қосылатын сауда үстемесі 15%-дан аспайды, ал ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2029 жылы 8,2 млн теңгеге жетеді.

«Жалпы алғанда, кәсіпкерлік пен креативті индустрияны дамыту, мүмкіндіктерді кеңейту, сапалы жұмыс орындарын құру және қаржылық тұрақтылықты нығайту арқылы кешенді жоспар аясындағы барлық мақсат-міндеттер орындалады» – деді Азамат Әмрин.