Астанада EcoFamily экологиялық-танымдық отбасылық іс-шарасы өтті
Фото: Gov.kz
Астанада Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұжымы мен өнерпаздары өз отбасыларымен бірге EcoFamily экологиялық-танымдық отбасылық іс-шарасын ұйымдастырды. Бұл іс-шара қаланың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған.
EcoFamily аясында филармония қызметкерлері мен олардың жақындары аумақты қоқыстан тазалап, табиғатты қорғау ісіне үлес қосты. Сонымен қатар, шара ұжымдық бірлікті нығайтып, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік берді.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz
Филармонияның халық ән бөлімінің әншісі, мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Нұрай Танабаев:
«Тазалық отбасыдан басталады дейді ғой. Астанамыз шағын отбасыдай, сондықтан да елордамызға үлкен құрметпен қараймыз. «Тазалық – тазалаған жерде емес, таза ұстаған жерде». Сол себепті қаламызды таза ұстап, осындай іс-шараларға жиі қатысып, өз үлесімізді көрсетейік».
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Майра Ілиясова:
«Бүгінгі сенбілік ерекше. EcoFamily отбасылық сенбілігінде немерем Айсамияны да әкелдім. Жалпы, тазалық үйден басталады. Кішкентай балаларымызға тазалықты сақтау әдетін үйрету қажет».
Сенбілікке 40-тан астам адам қатысып, қоршаған ортаны таза ұстауға өз үлестерін қосты. Отбасылық форматта өткен шара экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоғамдағы жауапкершілік құндылықтарын насихаттауға бағытталды.