Астана маңындағы «Қазанат» атшабарында Мемлекеттік рәміздер күні мен Құрбан айт мерекесіне орай республикалық бәйге өтті. Бәйгені тамашалауға 8,5 мыңнан астам көрермен жиналды.

Фото: Gov.kz

Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 50-ге жуық таңдаулы тұлпар мен тәжірибелі шабандоз қатысты. Сәйгүліктер 9 шақырымдық «Құнан» бәйге, 16 шақырымдық «Топ» бәйге және 25 шақырымдық «Аламан» бәйге бойынша бақ сынап, жеңімпаздар анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты ақшалай сыйақылар, екі Changan автокөлігі және бір бөлмелі пәтер табысталды.

Фото: Gov.kz

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бәйге күні атшабарда аншлаг байқалды, трибуналар мен көрермендер алаңы лық толды. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейдегі ат спорты жарыстарына деген халық қызығушылығының жылдан жылға артып келе жатқанын аңғартады.

Ұлттық спортты дәріптеген ауқымды іс-шара тартысты бәсекемен ғана емес, көрермендердің көптігімен де ерекшеленді. 8,5 мыңнан астам адамның қатысуымен өткен бәйге ұлттық құндылықтарды насихаттаудың және ат спортына деген халық ықыласын арттырудың маңызды алаңына айналды.