Білім гранттарының саны бес жылда 40 пайыздан астам өсті
Үкімет жастардың сапалы білім алуға қолжетімділігін арттыру мақсатында ауқымды шаралар жүргізіп отыр. Соңғы бес жылда білім беру гранттарының саны 65,1 мыңнан 93,2 мыңға дейін ұлғайды. Осылайша, мыңдаған жас жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Қосымша арнайы қолдау бағдарламалары да іске асырылуда. Жекелеген өңірлердің жастарына қосымша гранттар бөлінеді, ал білім алу мүмкіндіктері жергілікті атқарушы органдар, «Қазақстан халқына» қоры, бизнес-қоғамдастық және жоғары оқу орындары арқылы ұсынылады.
Үкіметтің хабарлауынша, студенттерге әлеуметтік қолдауды арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары мемлекеттік шәкіртақылардың көлемі едәуір өсті.
«2020 жылмен салыстырғанда бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы екі есеге өсіп, 26,2 мың теңгеден 52,4 мың теңгеге жетті. Ал педагогикалық мамандықтағы студенттердің шәкіртақысы 42 мың теңгеден 84 мың теңгеге дейін көбейді. Осы кезеңде магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 1,75 есеге артты», — делінген хабарламада.
Студенттердің оқуына қолайлы жағдай жасау маңызды бағыт болып қала береді. Тек 2025 жылы 10 мыңнан астам орынға арналған 30 жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар, мемлекет ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттер мен I және II топтағы мүгедектігі бар студенттердің жатақханада тұру шығындарын өтейді.