Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қатысуының маңызын атап өтіп, ұйым аясында нәтижелі ынтымақтастық орнатуға бейіл екенін жеткізді.

«Біз Бейбітшілік кеңесінің негізін қалаушылардың бірі ретінде аталған институттың жаһандық қауіпсіздік пен диалогты нығайтуға тиімді ықпал ететініне сенімдіміз», — деді Мемлекет басшысы.

Фото: akorda.kz

Кездесу барысында Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосуға бағытталған Қазақстан бастамалары талқыланды. Бұл әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру, білім беру және денсаулық сақтау жобаларын жүзеге асыру, азық-түлік қауіпсіздігін қолдау сияқты бағыттарды қамтиды.

Арье Лайтстоун Қазақстан Президентін және халықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, елімізге бейбітшілік пен бақ-береке тіледі. Сондай-ақ АҚШ Президенті Дональд Трамптың жылы лебізін жеткізді.

Фото: akorda.kz

Бейбітшілік кеңесінің өкілі Қазақстанның осы және басқа да халықаралық ұйымдар жұмысына белсене қатысатынын, соның ішінде Ибраһим келісімдеріне қосылу шешімін жоғары бағалады.

Кездесу барысында көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық, TRIPP және Орта дәліз аясындағы серіктестік перспективалары талқыланды. Қазақстанның өңіраралық өзара байланысты нығайтуға және халықаралық көлік бағыттарын әртараптандыруға қызығушылық танытқаны атап өтілді.

Кездесу соңында Президент пен Ұйым өкілі екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz