Қазақстан Тәжікстан нарығына жеткізуге болатын 90 тауар түрін анықтады. Олардың қосымша экспорттық әлеуеті 208 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр. Бұл туралы «QazTrade» АҚ бас директорының орынбасары Аман Малғаждаров Қазақстан–Тәжікстан бизнес-форумында мәлімдеді.

Экспортты кеңейтудің негізгі мүмкіндіктері мұнай-химия, металлургия және тамақ өнеркәсібіне тиесілі. Аталған үш сала анықталған экспорттық әлеуеттің 70 пайыздан астамын құрайды.

Тәжікстанға жеткізу көлемін арттыруға болатын өнімдер қатарында мұнай өнімдері, қоспаланбаған алюминий, болат шыбықтар, жалпақ илемделген металл өнімдері, мал азығы, шоколад, кондитерлік өнімдер, минералды және газдалған су бар.

Сонымен қатар машина жасау, химия, фармацевтика өнеркәсібі және көлік құралдарын өндіру салаларында да қосымша экспорттық мүмкіндіктер анықталған. Жалпы талдау экономиканың сегіз саласын қамтыды.

Аман Малғаждаровтың айтуынша, басты міндет – анықталған экспорттық әлеуетті нақты сауда келісімшарттарына айналдыру.

– Бүгінде Қазақстанның Тәжікстан нарығына тауар жеткізу көлемін ұлғайтуға нақты мүмкіндіктері бар. Біз қосымша экспорттық әлеуеті 208 млн доллар болатын 90 тауар түрін анықтадық. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді нақты келісімшарттарға айналдыру, – деді ол.

QazTrade отандық кәсіпорындарға шетелдік серіктестер табудан бастап, келіссөздер жүргізуге және тауар жеткізілімдерін ұйымдастыруға дейінгі кезеңдерде қолдау көрсетуге дайын.

Компанияның мақсаты экспорт көлемін арттырумен қатар, өзара сауданы кеңейту, бірлескен өндірістерді дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру болып отыр.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда көрсеткіштері өсіп келеді.

2026 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 29,5 пайызға артып, 1,15 миллиард АҚШ долларына жетті.

Осы кезеңде Қазақстанның Тәжікстанға экспорты 33,3 пайызға ұлғайып, 1,07 миллиард долларды құрады.

Қазіргі уақытта екі мемлекет өзара тауар айналымын 2 миллиард долларға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Осыған байланысты тиісті министрліктер 2030 жылға дейін екіжақты сауданы ұлғайту жөніндегі жол картасын әзірледі.

Ынтымақтастықты дамытудың маңызды тетіктерінің бірі – 2024 жылы QazTrade пен тәжікстандық серіктестер құрған «КазТрейд Таджикистан» бірлескен сауда-инвестициялық компаниясы.

Кәсіпорын екі ел арасындағы тауар жеткізілімдерін ұйымдастыруға және сауда байланыстарын кеңейтуге бағытталған.

Атап айтқанда, Тәжікстаннан Қазақстанға ерте пісетін көкөністерді, ал Қазақстаннан Тәжікстанға күнбағыс майын, салқындатылған сиыр және қой етін көтерме сауда арқылы жеткізу жоспарланған.

Бұған дейін де екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар келісім жасалған.

2024 жылдың тамызында QazTrade Душанбе қаласында 30-дан астам қазақстандық компанияның қатысуымен сауда-экономикалық миссия ұйымдастырды.

Іс-шара барысында Тәжікстанның 100-ден астам кәсіпорнының өкілдерімен келіссөздер өткізілді.

Нәтижесінде жалпы сомасы 537,5 миллион доллар болатын құжаттарға қол қойылды. Оның ішінде 87,5 миллион доллары өңдеу өнеркәсібі өнімдерін жеткізу жөніндегі экспорттық келісімшарттарға тиесілі.

QazTrade өкілдерінің пікірінше, анықталған жаңа экспорттық мүмкіндіктерді пайдалану Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымын ұлғайтуға және екі елдің өндірістік-инвестициялық ынтымақтастығын дамытуға ықпал етуі мүмкін.