Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның жетекші жоғары оқу орындары ректорларымен және ғылыми институт жетекшілерімен кездесті.

Президент Қазақстан мен Германияның білім саласындағы табысты ынтымақтастығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл жетістіктерге Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің 2023 жылғы маусымдағы сапарынан бастау алған саяси диалогтың нығаюы ықпал етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен ынтымақтастық орнатқанын айтты. Сондай-ақ екі мыңға жуық қазақстандық студент Германияда білім алып жатыр.

– Қазіргі кезде елімізде шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалы мен серіктес өкілдігі бар. Бұл көрсеткіштер көп нәрсені аңғартады. Дегенмен олар ынтымақтастығымыздың қаншалықты терең екенін толық көрсетпейді. Ең бастысы, қолға алған ісіміз өте маңызды. Яғни ықпалдастығымыздың мазмұны түбегейлі өзгерді.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразия мен одан тысқары өңірлердегі жетекші академиялық және ғылыми-зерттеу орталығы ретінде қалыптастыру стратегиялық басымдық екенін атап өтті.

Президенттің сөзінше, Қазақстан жастарды шетелге білім алуға жіберумен ғана шектелмей, озық халықаралық жоғары оқу орындарының стандарттары мен бағыттарын елге әкелуге кірісті.

Ол елімізде Кардифф университетінің, KAIST және Колорадо тау-кен мектебінің өкілдіктері жұмыс істейтінін айтты. Қазір Қазақстанда 40 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Болон процесіне мүше ел ретінде білім беру сапасы мен ғылыми дәрежелердің сәйкестігін қамтамасыз ететін еуропалық стандарттарды қолданатынын жеткізді.

Фото: akorda.kz

Президент екі ел жоғары оқу орындарының серіктестігі аясында Қазақстан экономикасының қажеттілігіне сай білім және ғылым орталықтары құрылып жатқанын айтты. Осы жұмыстың нәтижесінде Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында Қазақстан–Германия бірлескен университеттері ашылды.

– Нақты экономикалық және технологиялық қажеттілікке сай келетін академиялық серіктестік нәтижелі болады. Университеттер өндірістен алшақтап кетпеуі керек. Ғылыми зерттеулер жаңа технологияларды ойлап табуға түрткі болуға тиіс. Ал білім беру жүйесі экономиканы біліктілігі жоғары мамандармен қамтамасыз етуі қажет.

Мемлекет басшысы білім алмасудан білім қорын бірлесе жасау үдерісіне көшуге мүмкіндік беретін серіктестіктің үш негізгі бағытын ұсынды.

Фото: akorda.kz

Бірінші бағыт – бірлескен білім беру бағдарламаларын көбейту және серіктес оқу орындары арасындағы қос дипломды бағдарламалардың аясын кеңейту. Президент екі ел студенттері мен зерттеушілерінің бірлесе жұмыс істеуіне жағдай жасау маңызды екенін айтты.

Фото: akorda.kz

Екінші бағыт – бірлескен ғылыми зерттеулерді дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған мүше ретінде қосылу үшін келіссөз бастағанын атап өтті.

Президент еліміз Шикізат материалдары бойынша еуропалық серіктестіктің толыққанды мүшесі екенін айтты. Бұл ұйымның бюджеті 300 миллион еуроны құрайды.

TiBeRIUM жобасы осындай ынтымақтастықтың нақты мысалы ретінде аталды. Horizon Europe бағдарламасының 7,5 миллион еуро қаржылай қолдауымен және Фрайберг тау-кен академиясының үйлестіруімен іске қосылған жоба Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Үлбі металлургия зауытын біріктірді.

Жоба титан мен берилийге арналған төмен көміртекті өндіріс тізбегін әзірлеуді көздейді.

Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай ынтымақтастық аясын кеңейту арқылы университеттер, ғылым мен өндіріс бір арнаға тоғысып, жеткізу тізбегі нығаяды. Соның нәтижесінде Қазақстан шикізат ресурстарынан қосылған құны жоғары өнім мен технологияға көше алады.

Фото: akorda.kz

Үшінші бағыт – технология трансфері. Президент Қазақстан ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін арттыратынын айтты.

Сонымен қатар компанияларды университет зерттеулеріне инвестиция салуға ынталандыру тетіктері іске қосылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев неміс кәсіпкерлерін бірлескен мекемелер жанынан инженерлік зертханалар мен трансфер орталықтарын ашуға шақырды. Сондай-ақ мұндай бастамаларды қоса қаржыландыру арқылы қолдауға дайын екенін жеткізді.

Президент жасанды интеллект саласына да ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыт Қазақстан мен Германия ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығара алады.

– AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мың студент жасанды интеллект саласы бойынша сертификатталған машыққа ие болды. Біз alem.cloud суперкомпьютер кластерін орнаттық. Жасанды интеллект саласында арнаулы зерттеу университетін аштық. Өңірде алғашқылардың бірі болып, жасанды интеллект туралы заң қабылдадық.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы суперкомпьютер технологиясын дамыту неміс ғылыми мекемелерімен және өндіріс орындарымен жаңа ынтымақтастыққа жол ашатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев технологияға қызығатын қазақстандық жастар неміс компаниялары мен зерттеушілеріне сенімді серіктес бола алатынын атап өтті.

Президенттің сөзінше, Қазақстан қолданбалы цифрлық шешімдер мен Индустрия 4.0 технологиясын сынақтан өткізетін алаң ұсына алады.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz