Астанада №2 көпбейінді қалалық аурухана базасында заманауи қабылдау-диагностикалық кешен салу жұмыстары қазан айында аяқталады.

Құрылыс барысымен және нысанның медициналық жабдықтармен жарақтандырылуымен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова танысты.

Сапар барысында министр қабылдау бөлімін, операциялық және реанимациялық палаталарды, диагностикалық кабинеттерді аралап көрді. Сондай-ақ дәрігерлермен кешеннің пациенттерді қабылдауға дайындығын талқылады.

Фото: Gov.kz

Жаңа нысан тәулігіне 850-1000 пациентке дейін қабылдауға есептелген. Кешен Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынып жатыр.

Жалпы аумағы 7 мың шаршы метрден асатын бес қабатты кешенде заманауи диагностикалық қызметтер, операциялық блоктар, травматология бөлімшелері және инсульт орталығы біріктіріледі.

Фото: Gov.kz

Нысанда барлығы 118 төсек қарастырылған. Оның ішінде 18-і реанимациялық төсек.

Жаңа кешеннің басты ерекшелігі – шұғыл медициналық көмекті пациенттің бірыңғай маршруты қағидаты бойынша көрсету мүмкіндігі. Яғни пациентті қабылдау мен диагностикадан бастап операция жасауға және одан кейінгі емдеуге дейінгі барлық кезең бір жүйеге біріктіріледі.

Акушерлік бейіндегі пациенттер, жалпы пациенттер ағыны және травматологиялық пунктке келушілер үшін жеке кіреберістер қарастырылған.

Кешен базасында елорданың сол жағалауында тұратын ересек тұрғындарға арналған травматологиялық пункт те жұмыс істейді. Ол тәулігіне 100-120 өтініш қабылдауға есептелген.

Диагностика мен емдеу үшін компьютерлік томограф, қуаты 3 Тесла болатын МРТ аппараты, ангиограф, рентген қондырғылары және ультрадыбыстық зерттеу аппараттары сатып алынды.

Жаңа операциялық блоктар күрделі хирургиялық араласуларды, соның ішінде ауыр жарақаттар мен қан тамырлары аурулары кезінде операциялар жасауға мүмкіндік береді.

Инсульт алған және ауыр жарақаттары бар пациенттерге медициналық көмек көрсетуге ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағыттардың әрқайсысы үшін 40 төсектен тұратын мамандандырылған бөлімшелер көзделген.

Фото: Gov.kz

Сапар барысында дәрігерлер министрге заманауи хирургиялық жабдықтарды, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерге шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған неонаталдық үстелдер мен тасымалдауға арналған кювездерді таныстырды.

Ауруханада бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесі де енгізіліп жатыр. Бұл жүйе дәрігерлерге операциялық және реанимациялық бөлімшелердегі пациенттердің жағдайын орталықтандырылған түрде бақылауға мүмкіндік береді.

Жаңа кешенде 150 жұмыс орны көзделген. Оның 50-і жаңадан құрылатын жұмыс орындары.

Қабылдау-диагностикалық кешеннің ашылуы елорданың медициналық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезең болмақ. Жаңа нысан тұрғындардың заманауи шұғыл медициналық көмекке қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.