Қазақстан мен Германия бірлескен су хабын құру мәселесін пысықтап жатыр
Фото: Gov.kz
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Хайке Ренате Пайчпен кездесті.
Кездесуде тараптар су саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Атап айтқанда, Қазақстан–Германия су хабын құру мәселесі қаралды. Бұл платформа технология алмасуға, цифрлық шешімдерді енгізуге және пилоттық жобаларды дамытуға бағытталмақ.

Фото: Gov.kz
Су хабын құру туралы ұсыныс Берлинде өткен «Қазақстан Республикасы – Германия Федеративтік Республикасының су саласындағы стратегиялық әріптестігі: жаңа деңгей» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында таныстырылған.
Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы хаб тұжырымдамасының жобасын әзірледі.

Фото: Gov.kz
Құжат су саласындағы 300-ден астам компанияны біріктіретін German Water Partnership неміс қауымдастығына келісу үшін жолданды.

Фото: Gov.kz
Айта кетейік, былтыр қазан айында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен German Water Partnership су ресурстарын басқару саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған болатын.
Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан мен Германияның су саласындағы өзара іс-қимылы нақты практикалық сипатқа ие болды.
– Соңғы жылдары Қазақстан мен Германияның су саласындағы өзара іс-қимылы айтарлықтай дамып, нақты практикалық сипатқа ие болды. Ендігі қадам жекелеген бастамалар мен пилоттық жобалардан жүйелі әрі ұзақ мерзімді технологиялық әріптестікке көшу болуы тиіс.
Министр бірлескен су хабын Қазақстан мен Германияның мемлекеттік органдары, бизнес өкілдері, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтары өзара іс-қимыл жасайтын практикалық алаң ретінде қарастыратынын айтты.

Фото: Gov.kz
– Бірлескен су хабын құруды Қазақстан мен Германияның мемлекеттік органдары, бизнес өкілдері, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтары өзара іс-қимыл жасайтын, заманауи технологияларды сынақтан өткізіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыратын практикалық алаң қалыптастыру ретінде қарастырамыз.
Кездесуде Нұржан Нұржігітов пен елші су ресурстарын басқару саласында кадрларды бірлесіп даярлау және озық тәжірибелермен алмасу перспективаларын да талқылады.
Сонымен қатар тараптар Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларына неміс технологияларын, инженерлік шешімдері мен сарапшылық тәжірибесін тарту мүмкіндіктерін қарастырды.