Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанадағы Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми-өндірістік орталығына барды.

Сапар барысында министр сынықтар мен ауыр жарақаттарды емдеуге арналған отандық медициналық бұйымдардың сериялық өндірісімен танысты.

Фото: Gov.kz

Кәсіпорында әмбебап ортопедиялық құрылғылар, сыртқы фиксация аппараттары, арнайы құралдар және травматология саласына арналған өзге де бұйымдар шығарылады.

Өнімдер мемлекеттік тіркеуден өткен, ал кәсіпорынның әзірлемелері патенттермен қорғалған.

Ақмарал Әлназарова ауыр жарақат алған жағдайда медициналық көмектің уақтылы көрсетілуі ерекше маңызды екенін атап өтті.

– Ауыр жарақат туралы сөз болғанда, уақыттың әр минуты маңызды. Дәрігерде пациентке уақтылы көмек көрсету үшін қажетті барлық құрал болуы керек. Егер елімізде дәрігерлерімізге қажет, тіркелген, сапалы әрі қауіпсіз өнім шығарылса, біз мұндай өндірісті дамытуға жағдай жасауымыз қажет.

Бүгінде Қазақстанда түрлі медициналық бұйымдар шығаратын 100-ден астам өндірістік алаң жұмыс істейді. Оның ішінде травматологияға арналған медициналық бұйымдарға ерекше көңіл бөлінеді.

Фото: Gov.kz

Фото: Gov.kz

Отандық өндірісті дамыту медициналық ұйымдарды қажетті өнімдермен тұрақты қамтамасыз етуге және сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді.

Бұл ретте медициналық өнімдерге қойылатын негізгі талаптар – олардың сапасы мен қауіпсіздігі.

Сапар қорытындысы бойынша министр медициналық ұйымдардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, травматологияға арналған отандық медициналық бұйымдар өндірісін кеңейту жөніндегі жеке жоспар әзірлеуді тапсырды.