Астанада тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес беруге арналған «Халық заңгері» әлеуметтік акциясы өтті.

Фото: Gov.kz

Іс-шараны Астана қаласы Алматы ауданының прокуратурасы ұйымдастырды. Акция халық көп жиналатын орындардың бірінде өтіп, оған 30-дан астам мемлекеттік орган мен бейінді ұйымның өкілдері қатысты.

Тұрғындар баспана, еңбек, отбасы құқығы, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту және басқа да мәселелер бойынша сұрақ қойды.

Азаматтарға тиісті мемлекеттік органдардың мамандары құқықтық түсіндірме беріп, мәселелерді шешу жолдарын айтты.

Фото: Gov.kz

Астана қаласы Алматы ауданының прокуроры Нұрлан Тойшыбековтің айтуынша, акцияның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру.

– Бүгінде акцияға 30-дан астам мемлекеттік мекеменің өкілдері қатысып жатыр. Негізгі мақсатымыз – тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру, әртүрлі мәселе бойынша сұрақтарына жауап беру. Азаматтарға отбасылық заңнамаға қатысты мәселелер, сондай-ақ құқықтары бұзылған жағдайда прокуратураға және басқа да мемлекеттік органдарға жүгінудің тиімді жолдары түсіндіріліп жатыр.

Астана қаласының Алматы және Сарайшық аудандары бойынша Мансап орталығының директоры Аманбол Амангелдин тұрғындарды жұмысқа орналасу, бос жұмыс орындары және мемлекеттік жұмыспен қамту шаралары қызықтырғанын айтты.

Оның сөзінше, қазіргі еңбек нарығында құрылыс, өнеркәсіп, инженерия, бухгалтерия және IT салаларындағы мамандарға сұраныс бар.

Акцияға келген қала тұрғындарының бірі Эльдар Гилимзянов прокуратура өкілдеріне заңнамадағы өзгерістерге қатысты сұрақ қойғанын жеткізді.

– Бүгін прокуратурадан жаңа заңдар туралы сұрағым келді. Соның ішінде қауіпсіздікке қатысты жаңа мүмкіндіктер, ақылды камералар туралы ақпарат алғым келді. Сұрақтарымды қойып, нақты жауаптар алдым.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұған дейін де өткізілген «Халық заңгері» акциясы алдағы уақытта жалғасады.

Мұндай формат азаматтарға бірнеше мемлекеттік органның маманына бір жерде жүгініп, өз мәселесі бойынша нақты бағыт алуға мүмкіндік береді.