Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық теннисші Елена Рыбакинамен кездесті.

Мемлекет басшысы спортшыны АҚШ ашық чемпионатындағы жарқын жеңісімен және теннистен әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесіне ие болуымен құттықтады.

Президент бұл тарихи жетістік отандық спорттың дамуына зор үлес қосқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Елена Рыбакинаның жеңістері балалардың тенниске қызығушылығын арттырып, жас спортшыларға үлгі болып отыр.

– Сіздің жеңістеріңізден кейін балалардың тенниске қызығушылығы артып, секцияларға көптеп жазылады. Олар да чемпион болғысы келеді. Жас өрендерге өнеге көрсетіп отырсыз. Бұл – өте оң үрдіс. Өскелең ұрпақты спортқа баулу керек, өйткені бұл олардың келешегі үшін өте маңызды.

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы теннисшінің үш бірдей Үлкен дулыға турниріндегі жеңісі спорт тарихына жазылған маңызды жетістік екенін айтты.

– Үш бірдей Үлкен дулыға турниріндегі жеңісіңіз теннис жылнамасына өшпестей болып жазылды. Мұнымен тоқтамай, алда әлі талай асуды бағындырасыз деп сенемін.

Президент Елена Рыбакинаның адами қасиеттеріне де тоқталды. Оның айтуынша, спортшы кортта да, жұртшылық алдында да байыптылығымен және жоғары ішкі мәдениетімен ерекшеленеді.

– Сіз кортта да, жұртшылық ортасында да байыптылығыңызды байқатасыз. Ішкі мәдениетіңіз жоғары екенін үнемі айтып жүремін. Қазақстанды спортқа, әсіресе, тенниске қолдау көрсететін өркениетті әрі дамыған мемлекет ретінде таныту тұрғысынан мұның маңызы өте зор.

Елена Рыбакина Мемлекет басшысына тұрақты қолдауы және Қазақстанда үлкен теннистің дамуына көрсетіп келе жатқан қамқорлығы үшін алғыс білдірді.

Әлемнің бірінші ракеткасы Қазақстан атынан өнер көрсетуді мақтан тұтатынын айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жанкүйерлерін жаңа жеңістермен қуанта беруге ниетті екенін жеткізді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев спорттағы ерен жетістіктері және Қазақстанда теннистің дамуы мен насихатталуына қосқан үлкен үлесі үшін Елена Рыбакинаны III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz