Тоқаев Маңғыстауда қаза тапқан 14 әскери қызметшіні еске алып, оқиғаға қатаң баға берді
Фото: akorda.kz
Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді.
Жиын Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Мемлекет басшысы қаза болған әрбір әскери қызметшінің ата-анасына көңіл айтып, арнайы жеделхат жолдағанын айтты.
– Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Олардың ешқайсысы қолдаусыз, көмексіз қалмайды.
Президент болған оқиғаға қатаң баға берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған қайғылы жағдайға бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі себеп болған.
Мемлекет басшысы қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.
– Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар.
Президент оқу-жаттығу жиынының мәні мен мақсаты түсініксіз екенін айтып, оны кім әзірлеп, кім бекіткенін, Бас штабтың рөлі қандай болғанын және үйлестіру жұмыстарына неге жеткілікті мән берілмегенін анықтау қажет екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-жаттығу кезінде Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмағанына да назар аударды.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жағдайда жауапсыздық, салғырттық және көзбояушылық белең алған, ал дағдарыс кезіндегі іс-қимыл жоспары сын көтермейді.
Президент оқу-жаттығуға қатысқан әскери қызметшілер тиісті жабдықтармен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды әзірлеу мен өткізуге, әскерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне баға беруі керек екенін атап өтті.