Жапония мен БҰҰДБ Қазақстанда сирек жер минералдары мен сирек металдар саласында тұрақты құн тізбегін қалыптастыру жөніндегі бастаманы іске қосады
2026 жылғы 30 қазан, Астана, Қазақстан — Жапония Үкіметі мен Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстанға экологиялық басқаруды нығайтуға, қоршаған ортаның ластануын болдырмауға және сирек жер минералдары мен сирек металдар саласында құн тізбегін дамытуға жауапты тәсілдерді ілгерілетуге қолдау көрсетуге бағытталған құны 3 млн АҚШ доллары болатын жаңа бірлескен бастаманы іске қосу туралы келісімге қол қойды. Жапония үкіметінің қаржылық қолдауымен БҰҰДБ жаңа жобаны Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен әріптестікте іске асыратын болады.
Қазақстанда бүкіл ел бойынша сирек металдар мен сирек жер элементтерінің 120-дан астам кен орны анықталды. Маңызды материалдарға әлемдік сұраныстың артуы жағдайында оларды өндіру мен өңдеудің тиісті экологиялық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету маңызды бола түсуде. Жаңа бастама Қазақстанға сирек металдар мен сирек жер минералдары саласында тұрақты құн тізбегі үшін талдамалық, нормативтік және технологиялық негіз қалауға көмектеседі. Толық ауқымды өнеркәсіптік даму басталғанға дейін экологиялық тәуекелдерді анықтауға және жоюға көмектесетін экологиялық стандарттар мен цифрлық мониторингті ерте кезеңдерде енгізуге баса назар аударылады.

«Қазақстан біздің ұлттық кешенді жоспарымыздың шеңберінде сирек металдар мен сирек жер минералдарын өндіру бойынша жоғары технологиялық қайта өңдеу кәсіпорындарын құру бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр. БҰҰДБ және Жапониямен бірлескен бұл бастама біздің өндірістік тізбектерімізге озық экологиялық таза технологиялар мен халықаралық экологиялық стандарттарды енгізу арқылы жұмысымызды айтарлықтай нығайтуға мүмкіндік береді», — деді Олжас Әлібеков, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары.
Бұл бастама 2025 жылғы желтоқсанда «Орталық Азия — Жапония» диалогы шеңберінде саммитте жарияланған Жапонияның «Жасыл даму және орнықтылық» және «Өзара байланыс» басым бағыттарының іске асырылуына ықпал ететін болады.
«Жапония бұл бастамаға жан-жақты қолдау көрсетуге ниетті», — деп Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ясумаса Ииджима мәлімдеді.
«Маңызды минералдарға сұраныстың артуы жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашады, бірақ сонымен бірге қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қажет етеді. Тиімді экологиялық басқару, ластанудың алдын алу және жергілікті қауымдастықтарды қорғау осы секторды дамытуда басты орын алуы керек. Осы әріптестік шеңберінде БҰҰДБ Қазақстанға экологиялық тәуекелдерді басқару және даму нәтижелерінің экожүйелерді қорғаумен қатар адамдарға пайда әкелуін қамтамасыз ету үшін қажетті стандарттарды, сараптамалық әлеуетті және мониторинг жүйелерін нығайтуға көмектесуге ниетті, — деп Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа мәлімдеді.

Жапония Үкіметі БҰҰДБ-ның Қазақстанда және бүкіл Орталық Азияда орнықты дамуға және өміршеңдікті арттыруға жәрдемдесу ісіндегі бұрыннан келе жатқан әріптесі болып табылады. Қазақстанда БҰҰДБ мен Жапония қазіргі уақытта бөгеттердегі су тасқыны тәуекелдерін басқаруға, Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуі мәселесін шешуге, қалалардың климаттық және табиғи апаттар тәуекелдеріне төзімділігін арттыруға, сондай-ақ Орталық Азиядағы табиғи апаттарға дайындықты нығайтуға бағытталған төрт бірлескен бастаманы іске асыруда. Жаңа жоба осы әріптестік шеңберіндегі бесінші бастама болады және экологиялық басқару және табиғи ресурстарды тұрақты басқару саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді.