Қазақстанда энергетика кәсіпорындары қызметкерлерінің штаттық санына қойылатын нормативтер қайта қаралып жатыр. Жаңартылған талаптарды әзірлеу 2027 жылғы ақпанда аяқталады деп жоспарланған.

Жоба Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының, Энергетика, Ұлттық экономика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің қатысуымен жүзеге асырылуда.

Бастаманың негізгі мақсаты – энергетика кәсіпорындарының кадрларға нақты қажеттілігін анықтау, өндірістік үдерістер мен жабдықтардың ерекшеліктерін ескере отырып, қызметкерлер санының ғылыми негізделген нормативтерін әзірлеу.

Зерттеу жұмыстарын Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының мамандары жүргізіп жатыр.

Олар энергетикалық жабдықтарға қызмет көрсету, жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру және инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қанша қызметкер қажет екенін анықтауды көздейді.

Зерттеу жүргізу үшін Астана қаласында, Ақмола және Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Екібастұзда орналасқан энергетикалық нысандар таңдалған.

20 қазаннан бастап институт мамандары «Астана-Энергия» АҚ-ның ЖЭО-2 нысанында хронометраждық бақылаулар жүргізуде.

Зерттеу барысында өндірістік операциялардың ұзақтығы тіркеліп, қызметкерлердің міндеттері мен нақты жұмыс жүктемесі талданады. Сонымен қатар жұмыс уақытын пайдалану ерекшеліктері зерделеніп, кәсіпорын қызметкерлерімен сұхбат жүргізіледі.

Бақылау жұмыстары басқару қалқандарындағы қызметті де, тікелей энергетикалық жабдықтардың жанында атқарылатын операцияларды да қамтиды.

Алынған мәліметтер қызметкерлердің нормативтік санын нақты өндірістік жағдайларға сәйкес есептеуге мүмкіндік береді.

Жаңа нормативтерді әзірлеу кезінде кәсіпорынның көлемі, пайдаланылатын жабдықтардың құрамы, отын түрі, автоматтандыру деңгейі, электр және жылу желілерінің ұзындығы мен тығыздығы ескеріледі.

Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов энергетикалық инфрақұрылым дамыған сайын білікті мамандарға деген қажеттілік арта түсетінін атап өтті.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты ауқымды міндеттер жүктеген. Ал 2027 жылдың Құрылыс жылы деп жариялануы энергетика саласындағы кадр қажеттілігін алдын ала жоспарлаудың маңызын арттырады.

– Жаңа электр станциялары мен желілерді салу, қолданыстағыларын жаңғырту алда тұр. Нысандарды пайдалануға беріп қана қоймай, олардың әрі қарай сенімді қызмет етуін қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан салаға қанша маман қажет болатынын бүгіннен бастап білуіміз керек, – деді Талғат Темірханов.

Қауымдастық төрағасының пікірінше, жаңартылған нормативтер энергетика кәсіпорындарына қажетті мамандар санын объективті мәліметтер негізінде есептеуге және кадрлық жоспарлауды жетілдіруге мүмкіндік береді.

Зерттеу жүргізілетін пилоттық нысандар қатарына «Астана-Энергия» АҚ-ның ЖЭО-1, ЖЭО-2 және аудандық қазандықтары, Қарағандыдағы ЖЭО-1 мен ЖЭО-3, Степногор ЖЭО-сы және Екібастұз МАЭС-1 енгізілген.

Сонымен қатар зерттеуге «Астана-РЭК» АҚ, «Ақмола Электржелілік Үлестіру Компаниясы» АҚ және «Қарағанды Жарық» ЖШС қатысып жатыр.

Мамандардың өндірістік нысандардағы зерттеу жұмыстары 2026 жылғы желтоқсанның басына дейін жалғасады.

Ал энергетика кәсіпорындары қызметкерлерінің штаттық санына арналған нормативтерді жаңарту 2027 жылғы ақпанда аяқталады деп күтілуде.

Жаңа талаптар энергетикалық кәсіпорындардың қажетті штат санын дұрыс анықтауға, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмыстарының сапасын арттыруға, сондай-ақ электр және жылу энергиясымен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.