Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс: Жолдаудағы негізгі басымдықтарға шолу
Биыл Тәуелсіздігімізге 35 жыл толуы және жаңа Конституцияның қабылдануы еліміздің дамуындағы маңызды тарихи белестерге айналды. Президент Жолдауында Конституция ұрпақтар арасындағы қастерлі келісім ретінде сипатталып, Қазақстанның қазіргі болмысы мен болашақтағы бейнесін айқындайтын негізгі құжат ретінде көрсетілді.
Саяси жүйенің жаңғыруы мен жаңа билік институттарының қалыптасуы әлеуметтік-экономикалық міндеттерді жүзеге асыруға негіз қалайды. Осы тұрғыдан алғанда, Жолдауда ұсынылған жалпыхалықтық ауқымды құрылыс бастамасы институционалдық өзгерістерді азаматтардың күнделікті өміріндегі нақты нәтижелермен ұштастыруға бағытталған.
Біріншіден, бастама халықтың күнделікті қажеттіліктерін мемлекеттік саясаттың басты бағдары ретінде айқындайды. Тұрғын үй, жол, мектеп, медициналық мекеме және коммуналдық желілердің сапасы азаматтардың әл-ауқатына тікелей әсер етеді.
Екіншіден, құрылыстың барлық өңірді қамтуы аумақтық дамудағы алшақтықты азайтуға мүмкіндік береді. Облыс орталықтарымен қатар аудандар мен ауылдардың инфрақұрылымын жаңарту — тең мүмкіндіктер қалыптастырудың маңызды шарты.
Үшіншіден, ауқымды міндеттер мемлекеттік басқарудың тиімділігін талап етеді. Жобаларды халықтың нақты сұранысына қарай таңдау, қаражатты ұтымды пайдалану және құрылыс сапасын бақылау шешуші мәнге ие.
Төртіншіден, бастаманың саяси маңызы мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтумен байланысты. Тұрғындардың жергілікті басымдықтарды анықтауға қатысуы және жобалардың ашық жүзеге асырылуы осы сенімнің негізін қалайды.
Бесіншіден, заманауи инфрақұрылым өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырып, жаңа өндірістердің ашылуына және адами капиталдың дамуына жағдай жасайды. Сондықтан нәтижені салынған нысандардың санымен ғана емес, олардың қоғамға тигізетін нақты пайдасымен бағалау қажет.
Қорыта келе, бастаманың басты мақсаты — әрбір қазақстандықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, тұрғылықты жеріне қарамастан барша азаматқа заманауи инфрақұрылымға, сапалы қызметтерге және даму мүмкіндіктеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Мұратова Мерей
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қолданбалы зерттеулер және талдау институтының Ғылыми зерттеулер секторының жетекші ғылыми қызметкері.