Алматыда қызылша ауруы көбейген: Денсаулық сақтау министрі бірқатар мәселені сынға алды
Алматыда қызылша ауруының көбеюі, балаларды вакцинациялаудың жеткіліксіз деңгейі және медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты мәселелер анықталды. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қаладағы медициналық ұйымдардың жұмысына қатысты бірқатар тапсырма берді.
Бұл мәселелер Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының 2026 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындысына арналған алқа отырысында қаралды.
Жиынға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, министрлік өкілдері, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшылары, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы және медициналық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Отырыс барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді іске асыру, медициналық көмектің сапасын арттыру және денсаулық сақтау жүйесіндегі қаражатты тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.
Министр Мемлекет басшысының білім, ғылым, инновация және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі тапсырмалары медицина саласы үшін де маңызды екенін атап өтті.
Ақмарал Әлназарованың айтуынша, денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту тек жаңа ғимараттар салумен және заманауи жабдықтар сатып алумен шектелмеуі тиіс. Негізгі нәтиже тұрғындардың сапалы медициналық көмекке қол жеткізуінен көрінуі қажет.

– Бүгінде әрбір басшының жұмысын бағалаудың негізгі өлшемі – өткізілген іс-шаралар мен есептердің саны емес, пациент үшін нақты өзгерістердің болуы. Біздің салада бұл – пациент пен мемлекет алдындағы адалдық және есеп үшін емес, нәтиже үшін жауапкершілік, – деді Ақмарал Әлназарова.
Қазіргі уақытта Алматы халқының саны шамамен 2,4 миллион адамды құрайды. Қалада медициналық кадрлар мен клиникалық мүмкіндіктер жеткілікті болғанымен, халық санының өсуі денсаулық сақтау инфрақұрылымына түсетін жүктемені арттырып отыр.
Министр шұғыл шешуді қажет ететін мәселелердің қатарында қызылша ауруының көбеюін, вакцинациямен қамтудың төмендігін, емханалар жұмысындағы кемшіліктерді және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелерін атады.
Атап айтқанда, Алматыда қызылша ауруының өсуіне қарамастан, 16 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық егумен қамтудың нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген.
Бұдан бөлек, жекелеген медициналық ұйымдарда вакцинацияның кейбір түрлері бойынша қамту деңгейі нөлге тең болған.
– Егер вакцинациялаудың жекелеген бағыттары бойынша қамту көрсеткіші нөлге тең болса, медициналық ұйымдар өздеріне тіркелген халық алдындағы міндеттемелерін қалай орындап отыр деген сұрақ туындайды. Иммунопрофилактика – балалар мен жалпы халықтың қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұл бағытта формалды көзқарасқа жол берілмеуі тиіс, – деді министр.
Сонымен қатар жүргізілген мониторинг нәтижесінде қаладағы босандыру ұйымдарының қызметінде белгіленген талаптарға сәйкессіздіктер анықталған.
Осыған байланысты Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына 2026 жылдың соңына дейін санитариялық талаптардың бұзылуын жою тапсырылды.

Ал қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне медициналық ұйымдардағы иммунопрофилактика және инфекциялық бақылау талаптарының сақталуына қадағалауды күшейту міндеті жүктелді.
Жиында пациенттердің медициналық қызмет сапасына қатысты шағымдары да қаралды.
Министрдің айтуынша, қалада қажетті мамандар мен медициналық жабдықтар болғанына қарамастан, тұрғындар бейінді дәрігерлердің қабылдауына жазылу кезінде қиындықтарға тап болып отыр.
Сонымен қатар азаматтардың денсаулығына зиян келуі мүмкін жағдайларға қатысты кейбір өтініштер Ұлттық сараптама комиссиясына дейін жетпейтіні айтылды.
– Егер пациент бір мәселе бойынша бірнеше рет жүгінуге мәжбүр болса, демек, қолданыстағы бақылау тетіктері қажетті нәтижені қамтамасыз ете алмай отыр. Тәсілді өзгерту қажет: шағымдарды тіркеумен ғана шектелмей, олардың себептерін жойып, азамат үшін нақты нәтижеге қол жеткізу керек, – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр халық тығыз орналасқан мегаполисте емханалардың жұмысын тиімді ұйымдастырудың маңызын атап өтті. Атап айтқанда, бейінді мамандарға уақтылы жазылу, кезек күту мерзімін қысқарту, диспансерлік бақылауды жақсарту және ауруханаларға түсетін негізсіз жүктемені азайту қажет.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
– Медициналық көмектің сапасына қойылатын талаптар меншік нысанына қарамастан, барлық ұйым үшін бірдей болуы тиіс. Біздің басты міндетіміз – Алматының әрбір тұрғынын сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету, – деді қала әкімі.

Отырысты қорытындылаған Ақмарал Әлназарова медициналық инфрақұрылымды дамыту нақты сапалық өзгерістермен қатар жүруі керектігін атап өтті.
Министрдің айтуынша, жаңа медициналық нысандар, заманауи жабдықтар және цифрлық шешімдер тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып, пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етуі тиіс.
Жиын қорытындысы бойынша Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесіне арналған басым міндеттер айқындалды. Олардың қатарында алғашқы медициналық-санитариялық көмекті нығайту, кадр тапшылығына қатысты мәселелерді шешу, ғылыми және цифрлық технологияларды енгізу, медициналық қызмет сапасын жақсарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану бар.