Жаңа саяси жүйе және ұзақ мерзімді даму бағдарлары
Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауы ел тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен бір палаталы Құрылтайдың жаңа саяси жүйедегі рөлі қалыптасып жатқан кезеңде жарияланды. Менің ойымша, Жолдаудың негізгі саяси мәнін үш бағыттан көруге болады.
Біріншіден, егемендік пен тұрақтылық. Жаһандық белгісіздік күшейген жағдайда Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту, ішкі тұрақтылықты сақтау және экономикалық дамуды қамтамасыз ету стратегиялық басымдық ретінде айқындалды. Мемлекеттің тұрақтылығы тек сыртқы факторларға емес, институттардың тиімділігіне, заң үстемдігіне және қоғамның сеніміне де байланысты.
Екіншіден, жаңа Конституция және саяси жүйенің жаңаруы. Бір палаталы Құрылтай, вице-президент институты және мемлекеттік басқару құрылымындағы өзгерістер саяси жүйенің жаңа кезеңін қалыптастырады. Ендігі басты мәселе – институттық реформалардың жариялануында емес, олардың іс жүзінде қаншалықты тиімді жұмыс істейтінінде.
Үшіншіден, ұзақ мерзімді стратегиялық бағдар. Ел дамуының жаңа стратегиясын әзірлеу туралы тапсырма Қазақстанның өзгерген геосаяси жағдайда болашақ басымдықтарын қайта айқындауға бағытталған. Бұл құжаттың маңызы нақты мақсаттарға, іске асыру тетіктеріне және ғылыми қауымдастықтың мазмұнды қатысуына байланысты болмақ.
Жалпы алғанда, Жолдау Қазақстанның институттық өзгерістерден ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлауға көшу ниетін көрсетеді. Алайда саяси жаңғырудың нәтижесі жаңа институттардың құрылуымен ғана емес, олардың тиімділігімен, қоғам алдындағы есептілігімен және азаматтардың күнделікті өміріне тигізетін әсерімен өлшенеді.
Автор: Муминов Нұрлан Әкімбайұлы,
PhD докторы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының профессоры.