Жаңа Конституция Қазақстанның тұрақты экономикалық өсу моделіне көшуін айқындады – Олжас Бектенов
Үкімет шикізаттық емес салаларды дамытуға, инвестиция тартуға және экономиканың өнімділігін арттыруға басымдық береді.
Үкімет тұрақты экономикалық өсудің жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған міндеттерді жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Негізгі басымдық елдің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалануға, шикізаттық емес салаларды дамытуға, инвестиция тартуға және экономиканың өнімділігін арттыруға берілген.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің айтуынша, елде экономиканы әртараптандыру, заманауи инвестициялық экожүйе қалыптастыру, инновациялық кластерлер мен жоғары өнімді өндірістерді дамыту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.
«Үкіметтің жұмысы экономика салаларындағы қолда бар әлеуетті барынша тиімді пайдалануға бағытталған», – деді Үкімет басшысы.
Президент тапсырмаларын орындау аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне металлургия саласын қолдау шараларын күшейту тапсырылды.
Түсті металлургия саласында «Тау-Кен Самұрық» компаниясымен бірлесіп, отандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын толық пайдалануды қамтамасыз ету қажет. Соның ішінде елімізде аффинаж жүргізу үшін импорттық алтын жеткізуді ұйымдастыру көзделген.
Қара металлургия саласында «Qarmet» компаниясын жаңғырту аясында ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім түрлерін көбейту міндеті қойылды.
Инвестициялық белсенділік мәселесіне де айрықша назар аударылды. Өңір әкімдіктерімен бірлесіп, барлық инвестициялық жобаға қайта талдау жүргізіліп, проблемалық мәселелер анықталады әрі оларды шешу бойынша нақты шаралар қабылданады.
Сонымен қатар Үкімет арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру және жаңа инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастырады.
Премьер-министр экономикалық өсімнің жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін мемлекеттік органдар мен өңірлер басшыларының жеке жауапкершілік арқалайтынын атап өтті.
«Қол жеткізген қарқынды бәсеңдетуге болмайды. Барлық қолда бар ресурсты жұмылдыру қажет», – деді Олжас Бектенов.