Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагеріне арнайы жолдау жіберді
Фото: Gov.kz
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа арнайы жолдау жолдады. Құжатты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев Сауд Арабиясына жұмыс сапары барысында табыстады.
Арман Исағалиев Корольдіктің Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Уалид Әл-Хурейджимен кездесіп, екі ел арасындағы саяси ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Президенттің жолдауында Сауд Арабиясының басшылығы мен халқына тілектестік білдірілген. Сонымен қатар Қазақстан тарапы Корольдіктің өз азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтық инфрақұрылымды қорғау бағытындағы күш-жігеріне қолдау көрсететінін жеткізген.
Сауд Арабиясының өкілдері Қазақстанның бұл ұстанымын жоғары бағалап, көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ екі мемлекет арасындағы достық қатынастар мен өзара сенімге негізделген ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Келіссөз барысында тараптар өңірдегі қазіргі жағдай жөнінде пікір алмасты. Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы екіжақты қатынастардың өзекті мәселелері, сыртқы саяси ведомстволар арасындағы байланысты нығайту және алдағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері қарастырылды.

Фото: Gov.kz
Кездесуде екі елдің дипломатиялық байланыстарын дамытуға, халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша өзара іс-қимылды үйлестіруге ерекше назар аударылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Сауд Арабиясының өкілдері тұрақты саяси диалогты жалғастыруға және екіжақты әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін растады.
Тараптар ортақ бағыттар бойынша күш-жігерді үйлестірудің және сыртқы істер министрліктері арасындағы байланыстарды нығайтудың маңызын атап өтті.