Тоқаев Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровты қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровты қабылдады.
Кездесу барысында Президент министрліктің негізгі міндеттерін айқындап, орман қорын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ ұлттық парктердің инфрақұрылымын дамыту және қалдықтарды өңдеу есебінен тұйық циклді экономика қалыптастыру мәселесіне назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарататын зауыттар салу қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмысты кейін басқа өңірлерде де жалғастырудың маңызын айтты.
Сонымен қатар кездесуде экологиялық мәдениетті арттыру және «Таза Қазақстан» бастамасын одан әрі тиімді іске асыру мәселелері қаралды.
Президент министрлікке аталған бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, экология саласындағы бастамалардың нақты нәтижесін қамтамасыз етуді тапсырды.