Қазақстанда әскери қызметті 6 айлық екі кезеңге бөлу жоспарланып отыр
Фото: akorda.kz
Қазақстанда мерзімді әскери қызметті екі кезеңге бөліп ұйымдастыру және Қарулы Күштердің құрылымын жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл мәселелер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралды.
21 қазанда өткен жиынның негізгі тақырыбы әскери реформа жоспарының жобасы болды. Отырыс қорытындысы бойынша құжат мақұлданды.
Мемлекет басшысы елдегі өзгерістерді ескере отырып, заманауи, ұтқыр және технологиялық тұрғыдан дамыған армия қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Президенттің айтуынша, реформа әскери басқару жүйесін, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлауды және Қарулы Күштерді технологиялық жарақтандыруды қамтуы тиіс.

Фото: akorda.kz
Мерзімді әскери қызмет екі кезеңге бөлінбек
Реформадағы негізгі өзгерістердің бірі – мерзімді әскери қызметтің жаңа үлгісін енгізу.
Жоспарға сәйкес, әскерге шақырылған азаматтар алғашқы алты айда арнайы оқу орталықтарында әскери даярлықтан өтеді.
Ал кейінгі алты айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет атқарады. Бұл кезеңде жауынгерлік дайындыққа және әскери бөлімшелер құрамында міндеттерді орындауға басымдық беріледі.
Жаңа тәсіл әскери қызметшілердің даярлық сапасын арттыруға және олардың практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Қазақстанда Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру көзделген
Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева отырыста әскери реформаның негізгі бағыттарын таныстырды.
Жоспар халықаралық тәжірибе, заманауи ұрыс қимылдарының ерекшеліктері және қазақстандық мамандардың ұсыныстары негізінде әзірленген.
Құжат аясында Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, әскери басқару тетіктерін жетілдіру және армияның негізгі бөлімдерін нығайту көзделген.
Сонымен қатар Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру жоспарланып отыр.
Бұл шаралар әскери жүйенің технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге және қорғаныс саласын қазіргі заман талаптарына бейімдеуге бағытталған.
Әскери қызметшілердің құқықтарын қорғау күшейтіледі
Президент әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әскердегі тәртіпті нығайтуға ерекше назар аударуды тапсырды.
Реформа аясында әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру көзделген.

Фото: akorda.kz
Аталған бастамалар әскери қызметшілердің құқықтарын қорғауға, жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алуға және әскери бөлімдердегі тәртіпті жақсартуға бағытталған.
Сондай-ақ әскери басқару мәдениетін жетілдіру және мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалану мәселелеріне басымдық беріледі.
«Жас айбын» әскери-патриоттық даярлық жүйесі дамытылады
Жоспарда жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағыты да қамтылған.
Атап айтқанда, «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту, мамандандырылған әскери мектептер желісін кеңейту және бастапқы әскери даярлықты жетілдіру ұсынылған.
Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жаңғырту жөніндегі жоспар туралы баяндама жасады.
Сонымен бірге армияның жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегиясын қабылдау және «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес тәрбие жұмыстарының сапасын арттыру көзделіп отыр.

Фото: akorda.kz
Бұл шаралар әскери тәртіпті нығайтуға және қоғамның армияға деген сенімін арттыруға бағытталған.
Әскери реформаның негізгі шаралары 2027 жылы жүзеге асырылмақ
Мақұлданған жоспарға сәйкес, ұйымдастырушылық шараларды 2026 жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістерді 2027 жылы іске асыру көзделген.
Президент Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссияның жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Мемлекет басшысы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету барлық жауапты мемлекеттік органның үйлесімді жұмысын талап ететінін атап өтті.
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы қорытындысында Әскери реформа жоспары мақұлданып, оның орындалуын үйлестіру Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктелді.