Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазанда «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялауға кірісті. Мемлекет басшысы құжаттың ел дамуының қазіргі кезеңіндегі маңызына ерекше назар аударды.

Президент сөзінің басында биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 35 жыл толғанын атап өтіп, ел тарихындағы маңызды оқиғаларды еске алды.

– Бүгін мен Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауымды жариялаймын. Бұл Жолдаудың мәні де, мазмұны да айрықша, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы 25 қазанда атап өтілген Республика күнінің тарихи маңызына тоқталды. Оның айтуынша, дәл осы күні Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашылды.

Президент ел егемендігін жариялаудан бастап, Тәуелсіздікті нығайтуға дейінгі тарихи кезеңдердің ұлттық мемлекет құрудағы рөлін атап өтті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев биыл наурыз айында қабылданған жаңа Конституцияға ерекше назар аударды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Конституция Қазақстанның қазіргі даму бағыты мен болашақтағы келбетін айқындайтын маңызды құжатқа айналды.

Президент жаңа Конституцияны бірнеше ұрпақ арасындағы тарихи келісім ретінде сипаттады.

Ол азаматтардың қолдауына ие болған Ата заңның 1 шілдеде күшіне енуі еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға және жаңа мемлекеттік институттарды қалыптастыруға негіз болғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің қоғам өміріне тікелей ықпал ететінін атап өтіп, елдің алдағы дамуы үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы жалғасуда.