Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясында экологиялық мәдениетті күшейтуге шақырды
Фото: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты.
Акция аясында Президент жастармен және экобелсенділермен бірге Президент саябағының аумағында ағаш екті.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына қатысушылар алдында сөз сөйлеп, игі бастамаға белсенді атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау және елді мекендердің тазалығын сақтау әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Мен осындай игі іске өз үлесін қосып жүрген жастарды нағыз отаншыл азамат деп санаймын. Себебі Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылың мен қалаңнан бастау алады. Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Өнегелі сөз деп айтсақ, артық болмас. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет. Бұл – бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті әрі аманаты.

Фото: akorda.kz
Президенттің айтуынша, жаңа Конституция бойынша табиғатты қорғауға қатысты көзқарас пен іс-шаралар азаматтық міндет саналады. Осы ретте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи мәні айрықша екені айтылды.
– Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Тағы да атап өтейін: бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл – жай ғана ұран емес, бұл – шын мәнінде, еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы жауапты мемлекеттік органдар басшыларының есебін тыңдады.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорданы кешенді түрде көріктендіру және көгалдандыру жұмыстары туралы баяндады.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz
Қала әкімінің айтуынша, соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Жыл соңына дейін 170-тен астам аула мен қоғамдық орын, соның ішінде парктер, гүлзарлар мен бульварлар ретке келтіріледі.
Мемлекет басшысына Есіл өзенінің бойында қоғамдық және рекреациялық кеңістіктердің бірыңғай жүйесі қалыптасып келе жатқаны туралы мәлімет берілді.
Осы жұмыстар аясында қаланың түрлі бөлігіндегі парктер, серуен және спорт аумақтары тұтас жасыл белдеуге біріктіріледі.
Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы іске асырыла бастағаннан бері 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылғанын баяндады.
Оның мәліметінше, акция аясында 3,8 миллион тонна қоқыс жиналып, 10 мыңға жуық қоқыс төгетін орын жойылған.
Президент саябағынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Мыңжылдық» аллеясы мен Greenline желілік паркінің екінші кезеңіндегі абаттандыру жұмыстарымен танысты.
Сапар барысында Мемлекет басшысы Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке ғимараттардың қабырғасына граффити салатын адамдарға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырды.
Президенттің айтуынша, еліміздің қалаларында мұндай әрекеттерге жол бермеу қажет. Сондай-ақ қоғамдық орындарды бүлдіретін, әлемде вандализм мен бұзақылықтың сорақы көрінісі саналатын мұндай «шығармашылыққа» толық тыйым салатын заңдық-нормативтік шаралар қабылдау керек.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz