Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Тамыз конференциясының пленарлық отырысында сөйлеп, білім саласын дамыту еліміздің стратегиялық бағыты екенін атап өтті.

Президент бірінші шілдеде күшіне енген жаңа Конституцияда тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілгенін, адами капиталды, білімді, ғылымды және инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде айқындалғанын жеткізді.

Мемлекет басшысының мәліметінше, соңғы жеті жылда салаға бөлінетін қаржы үш есе артып, 6,4 триллион теңгеге жеткен. Кейінгі бес жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1120 мектеп салынып, 5 мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық қоры жаңартылды. «Келешек мектептері» жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп бой көтерді.

«Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі, бұл – нағыз ақиқат», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ұстаздарды қолдау бағытында атқарылған жұмысқа тоқталды. «Педагог мәртебесі туралы» заңға толықтыру енгізіліп, ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер берілді, 5 қазан ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде бекітілді. Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізіліп, қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім марапатталды. TALIS-2024 зерттеуі бойынша Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр, ал ұстаздардың 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын білдірген.

Фото: akorda.kz

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бірқатар өзекті мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, елімізге тағы да 5 мыңнан астам мұғалім қажет, ал аймақтар арасындағы білім сапасының алшақтығын жою маңызды міндет болып қала береді. Президент әсіресе Түркістан облысындағы ахуалға назар аударуды тапсырды.

«Қазір бос, бұрыс сөздің уақыты емес, нақты, дұрыс істің дәуірі», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев бала тәрбиесіне баса мән берудің қажеттігін де атап өтті. Оның тапсырмасымен биылдан бастап мектептерде «Құқық негіздері» пәні оқытыла бастады, оқу бағдарламасына «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» курстары енгізіледі. Сондай-ақ Президент Астана, Алматы және бірқатар облыс орталығында балаларға арналған Жаратылыстану музейін ашуды орынды деп санайтынын жеткізді.

Сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы бір топ ұстазды жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғанын хабарлады.