Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмедпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынасты дамыту перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, саяси диалогты жандандыру, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты кеңейту мәселелері қарастырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Эфиопиямен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Аддис-Абебада тұрақты түрде жұмыс істейтін Қазақстан елшілігі еліміздің Африка құрлығындағы алғашқы дипломатиялық өкілдіктерінің бірі болғанын айтты.

– Сіздің еліңізге зор құрметпен қараймыз. Аддис-Абебадағы тұрақты түрде қызмет ететін елшілігіміз Қазақстанның Африка құрлығындағы алғашқы дипломатиялық өкілдіктерінің бірі болды. Бұдан бөлек, Қазақстан Африка Одағында байқаушы ел ретінде танылған. Сондықтан біздің Африкаға деген қызығушылығымыз айқын әрі орнықты сипатқа ие. Әсіресе, Эфиопияға көзқарасымыз ерекше. Елдеріңізбен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі екенімізді айтқым келеді.

Мемлекет басшысының пікірінше, өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту арқылы іскерлік серіктестікті жандандыруға мүмкіндік мол.

Фото: akorda.kz

Әңгімелесу барысында тараптар бір-бірінің сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуетімен танысу үшін екі елдің делегацияларын жіберуге уағдаласты.

Сондай-ақ Қазақстанда Эфиопиядан шай, кофе және гүл өнімдерін жеткізуге арналған хаб құру перспективасын зерделеу мәселесі талқыланды.

Абий Ахмед Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Сонымен қатар ол екі ел арасындағы өзара түсіністік пен конструктивті ықпалдастық деңгейі жоғары екенін атап өтті.

– Эфиопия да халықтың әл-ауқатын жақсартып, мемлекеттің институционалдық әлеуетін күшейтуді көздейді. Осы орайда, Қазақстан сияқты достас елдердің озық тәжірибесіне сүйенеміз. Өзіңіз атап өткендей, Қазақстанның Эфиопияда елшілігі бар. Біз де Қазақстанда елшілігімізді ашу мүмкіндіктерін қарастырамыз. Бұл байланыстың нығаюына ықпал етері сөзсіз.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Эфиопия Премьер-министрі Абий Ахмедті Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Фото: akorda.kz