Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры Ибрагим Жанлыелді қабылдады.

Кездесу барысында Президентке Орталық Азия мен Кавказ өңірінде жетекші орын алатын Air Astana компаниясының операциялық және қаржылық көрсеткіштері туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның 2026-2027 жылдары әуе паркін жаңа буын Boeing 787 Dreamliner ұшақтарымен толықтыруды жоспарлап отырғаны баяндалды. Сонымен қатар Air Astana Airbus A320neo және A321neo маркалы 50 ұшаққа және Boeing 787-9 маркалы 15 әуе кемесіне тапсырыс берген. Бұл ұшақтар 2036 жылға дейін жеткізіледі.

Фото: akorda.kz

Ибрагим Жанлыел Мемлекет басшысына компанияның ұзақмерзімді даму стратегиясын таныстырды. Құжат Қазақстанның өңірлік авиациялық хаб ретіндегі орнын нығайтуға және компания қызметін халықаралық деңгейде кеңейтуге бағытталған.

Air Astana алдағы уақытта бағыттар санын көбейтіп, мультимодальді тасымалды дамытуды және ұшу жиілігін арттыруды жоспарлап отыр. Компания цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізуге де басымдық береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев әуе паркін толықтыру, бағыттар желісін кеңейту және тасымалдау әлеуетін нығайту сияқты стратегиялық мақсаттарды тиімді іске асырудың маңызын атап өтті. Президент АҚШ және Жапония елдерімен тікелей әуе қатынасын ұйымдастыруды басым бағыттардың бірі ретінде атады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы рейстердің кешігуі, әуе кемесінің ауысуы сияқты жолаушылар тарапынан жиі сын айтылатын мәселелерге назар аударды. Президент қазақстандықтар жиі саяхаттайтын елдермен әуе тасымалын одан әрі дамытуға шақырды.

Фото: akorda.kz