«Сириус – Қазақстан» жобасына 80 пайыз қазақстандық мамандар тартылмақ. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев айтты.

«Сириус» Қазақстан жобасы дарынды балалармен жұмыс істеу жүйесін дамытуға және олардың оқуы мен дамуына арналған заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Жобаның негізгі міндеті — бұл дарынды балаларды ерте анықтап, оларды ғылым, технология және жобалық қызмет бойынша тереңдетілген бағдарламалар арқылы жүйелі дамыту. Бұл Қазақстандағы талантты оқушылардың тұрақты экожүйесін қалыптастырады», — деді Қаныбек Жұмашев.

Комитет төрағасы жобаның Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылғанын атап өтті.

Сонымен қатар, «жоба білім сапасын арттыруға, Қазақстан оқушыларының халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған», — деді ол.

«Бұл жоба аясында мектеп салынады. Сонымен қатар, мектеп жанында жыл бойы жұмыс істейтін дарынды балаларға арналған орталық болады. Оқу процесі Қазақстанның мемлекеттік стандарттарымен оқытудың заманауи тәсілдерін үйлестіру негізінде құрылады», — деді комитет төрағасы.

Негізгі басымдық математика, жаратылыстану, инженерия, жасанды интеллект, робототехника және жобалық зерттеу қызметтеріне беріледі.

«Оқу-тәрбие процесі ұлттық мазмұнда енгізіледі. Мәселен, “Домбыра”, “Ұлттық өнер”, “Ұлттық спорт” курстары, сондай-ақ “Адал азамат”, “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы да енгізіледі. Бұл заманауи білім мен ұлттық құндылықтардың мәдени бірегейлігін ұштастыруға мүмкіндік береді», — деді Қаныбек Жұмашев.

Сондай-ақ, жобаның 80 пайызы қазақстандық мамандармен жүзеге асырылып, Ресейдің «Сириус» федералдық аумағының біліктілік арттыру бағдарламалары арқылы педагогтердің халықаралық деңгейдегі озық тәжірибесін үйлестіру мүмкіндігі қарастырылған.

«Сириус» жобасы еліміздегі оқушылардың олимпиадаларға, ғылыми жобалық конкурстарына, зерттеу қызметімен айналысуға да кең мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар, бұл Қазақстанның барлық өңіріндегі математика, инженерия, физика бағытындағы дарынды балаларды оқытуға жағдай жасайды. “Сириус − Қазақстан” жобасы Астана және Алматы қалаларында жүзеге асырылады. Сондай-ақ, дарынды балалармен жұмыс істейтін жүйені, инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді», — деді Қаныбек Жұмашев.