Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің жоғарғы соттары төрағаларының екінші конференциясына қатысу үшін арнайы келген Әзербайжан Жоғарғы сотының төрағасы Инам Керимовты, Қырғызстан Жоғарғы сотының төрағасы Медербек Сатыевты, Түркия Кассациялық сотының төрағасы Өмер Керкезді, Түркия Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Зеки Йигитті, сондай-ақ Өзбекстан Жоғарғы сот төрағасының бірінші орынбасары Алишер Усмановты қабылдады.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы қонақтарға құрмет білдіріп, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда Түркі мемлекеттері ұйымының маңызын атап өтті.

– Ұйымға мүше елдердің сот және құқықтық саладағы өзара ықпалдастығы артып келе жатқаны қуантады. Ертең Түркістанда өтетін алқалы жиын соның нақты дәлелі болады. Қай елдің болсын дамуы үшін сот жүйесінің орны ерекше. Сондықтан жоғарғы соттар арасындағы байланыстарды тереңдету ортақ мүддемізге сай келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент әлем елдерінің көпшілігі жаһандық технологиялық өзгерістерге бейімделу үшін қарқынды даму бағытын таңдағанына назар аударды.

– Осы тұрғыда біз де бірлесіп әрекет етіп, күш-жігерімізді біріктіруіміз қажет. Түркістандағы конференцияда сот саласын цифрландыру мәселесі кеңінен талқыланады. Сонымен бірге инвесторлардың құқықтарын қорғау және өзге де маңызды тақырыптар қаралады. Бұл күн тәртібі өзекті әрі орынды. Мұндай пікір алмасулар ұйымның дамуына және беделінің артуына серпін береді. Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы барлық бастамаларды қолдайды, алдағы уақытта да қолдай береді, – деді Мемлекет басшысы.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдер өкілдеріне елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар туралы да ақпарат берді.

– Жақында, 1 шілдеде Қазақстанның жаңартылған Конституциясы күшіне енеді. Ата заң – мемлекетіміздің негізгі тірегі. Онда егемендікті қорғау, аумақтық тұтастықты сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, заң үстемдігін орнықтыру, бейбіт саясат ұстану сияқты қағидаттар бекітілген. Сондай-ақ адам капиталы, білім, ғылым және инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде айқындалды. Алғаш рет цифрлық кеңістіктегі жеке деректерді қорғау нормасы енгізілді. Сонымен қатар адвокатураға қатысты арнайы бап қарастырылған. Конституциялық өзгерістерді жүзеге асыру үшін бес заңға қол қойылып, 70-тен астам кодекс пен заңға түзетулер енгізілді. Тамыз айында Құрылтай сайлауы өтеді. Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы жасақталады. Мемлекеттік басқару жүйесі жаңғыртылуда, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ сот және құқық қорғау саласындағы реформаларға тоқталды.

Жиында Қазақстан Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев сөз сөйледі.

Фото: akorda.kz