Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Марлен Маматалиевті қабылдап, оның Қазақстанға алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға маңызды екенін атап өтті.

Президенттің сөзінше, екі ел арасындағы қатынастар бауырластыққа негізделіп, стратегиялық әріптестік бағытында оң динамика сақталып отыр.

«Елдеріміз арасында ешқандай түйткіл немесе түсініспеушілік жоқ. «Қазақ-қырғыз – бір туған» деген сөз бар. Бір кеңістікте бауырлас, тату болып, арамыздағы қарым-қатынасты нығайта береміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: akorda.kz

Сонымен қатар Президент Қырғызстанның экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын қолдап, Садыр Жапаровқа құттықтау хатын жолдағанын жеткізді.

Марлен Маматалиев өз кезегінде Қазақстандағы конституциялық реформаларды қолдайтынын айтып, Президентке және Қазақстан халқына бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.

«Бұл әділетті әрі озық Қазақстанды құруға берік негіз қалайды. Қолға алған реформаларды табысты жүзеге асыруларыңызға тілектеспін», – деді ол.

Фото: akorda.kz

Кездесу барысында екі елдің парламентаралық байланыстарын нығайту, заңнамалық деңгейде екіжақты келісімдерді бекіту, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық реформаларды талқылау мәселелері қаралды. Мемлекет басшысы мен Жогорку Кенеш Төрағасы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарын әрі қарай дамытуға өзара мүдделі екендерін растады.

Фото: akorda.kz