Ұлттық ұлан офицері Балқаш көлінде батып бара жатқан баланы құтқарып қалды
Ұлттық ұланның әскери қызметшісі Балқаш көліне батып бара жатқан баланы құтқарды. Оқиға 15 шілде күні сағат 15:30 шамасында Қарағанды облысының Шұбар түбек кентіндегі ашық жағажайда болған.
Ұлттық ұланның мәліметінше, көмекке алғаш «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінің броньды танк қызметінің бастығы майор Дияр Жақыпов жеткен.
«Біз отбасымызбен жағажайда демалып жатқанбыз. Кенет «Көмектесіңдер! Баламды құтқарыңдаршы!» деп айқайлаған әйел адамның шарасыз даусын естідім. Бірден жүгіріп барсам, бір бала суға батып бара жатыр екен. Ойланбастан суға секірдім де, жылдам жүзіп бардым. Сол кездегі бар ойым – уақыт жоғалтпай баланы құтқару болды. Шүкір, аман-есен жағаға шығарып, анасына тапсырдым», – дейді майор Дияр Жақыпов.
Осылайша, офицер жедел әрі шешуші әрекетімен қайғылы оқиғаның алдын алды.
Қазір баланың жағдайы жақсы, өміріне ешқандай қатер төніп тұрған жоқ.