Ұлттық банк инфляцияны 5 пайызға дейін төмендетуді мақсат етіп отыр
Ұлттық банк инфляцияны 5%-ға дейін түсіруді жоспарлап отыр. Ол үшін ақша-кредит саясаты жалғасып, қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылданады.
Бұл туралы Ұлттық банкте өткен брифингте банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Оның айтуынша, банктің басты мақсаты — елдегі баға өсімін тұрақтандырып, инфляцияны 5%-ға жеткізу.
«Біздің негізгі міндет — баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляцияны 5%-ға жеткізу. Инфляцияның тұрақты әрі болжамды деңгейде болуы экономиканың дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді», — деді ол.
Оның сөзінше, соңғы айларда инфляция баяулағанымен, баға өсуіне әсер ететін тәуекелдер әлі де сақталып отыр.
«Бұған халықтың белсенді тұтынуы мен инфляциялық күтулердің жоғары болуы себеп болып отыр», — деді спикер.
Сүлейменов базалық мөлшерлемеге қатысты келесі шешімдердің алдын ала белгіленбейтінін айтты.
«Олар инфляцияның қалай өзгеретініне, ішкі сұранысқа, жанар-жағармай бағасына, бюджет шығыстарына және басқа да экономикалық көрсеткіштерге қарай қабылданады», — деді ол.
Сондай-ақ ол Үкіметпен бірлесе отырып инфляцияны бір таңбалы деңгейге түсіруге бағытталған ортақ бағдарлама жүзеге асып жатқанын жеткізді. Қажет болған жағдайда бұл шаралар қайта қаралып, толықтырылады.