VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 2026 жылдың 31 тамызынан 6 қыркүйегіне дейін өтеді.

Қырғызстан Республикасының Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігінің мәліметіне сәйкес, ойындарда көкпар жарыстары жеке спорт түрі ретінде өткізіледі.

Ойындарға шамамен 2800–3000 спортшы қатысады. Жарыстар 43 спорт түрінен өтеді, оның 20-сы қырғыз ұлттық ойындарына тиесілі.

Ашылу салтанаты Бішкек қаласындағы жаңа «Бішкек Арена» стадионында өтсе, спорттық іс-шаралар Ыстықкөл облысында ұйымдастырылады.

Бұған дейін 60-тан астам ел VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатыны хабарланған болатын.