Елордалық спортшылар эстетикалық топтық гимнастикадан Қазақстан чемпионатында төрт медаль жеңіп алды
Фото: Gov.kz
Түркістан облысындағы Alma-Tau спорттық-сауықтыру кешенінде эстетикалық топтық гимнастикадан Қазақстан чемпионаты өтті. Маусымның басты ұлттық додасына еліміздің үздік командалары қатысты.
Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 35 команда мен 290-ға жуық спортшы қатысты. Гимнастшылар ұзақ бағдарлама және аралас бағдарлама бойынша үш жас санатында өнер көрсетті.
Жарыс күндері қатысушылар жоғары техникалық шеберлігін, әртістік қабілетін және командалық үйлесімділігін көрсетті. Қойылымдардың әртүрлілігі мен элементтердің күрделілігі жүлделі орындар үшін тартысты одан әрі арттырды. Төрешілер алқасын халықаралық дәрежедегі IFAGG International Judge санатындағы М.М. Бектұрғанова басқарды.
Елордалық гимнастшылар чемпионатта сәтті өнер көрсетіп, екі алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды.
Ұзақ бағдарлама бойынша жүлдегерлер:
- Сеньорлар (16 жас және одан жоғары):
• Алтын медаль – Alan (Астана)
• Күміс медаль – Asyl Tas (Шымкент)
• Қола медаль – LiEl (Алматы) - Юниорлар (14-16 жас):
• Алтын медаль – Kerbez (Алматы)
• Күміс медаль – Samruk (Астана)
• Қола медаль – Izumrud-Korkem (Астана) - 12-14 жас аралығындағы балалар:
• Алтын медаль – Alan-Colibri (Астана)
• Күміс медаль – Kerbez-Delight (Алматы)
• Қола медаль – Blossom (Алматы)

Фото: Gov.kz
Қазақстан чемпионаты 13-14 маусымда Астанада өтетін эстетикалық топтық гимнастикадан Азия чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңіне айналды. Спортшылар үшін турнир өздерінің бәсекеге қабілеттілігін көрсетуге мүмкіндік берсе, жаттықтырушыларға дайындық деңгейін бағалап, халықаралық аренадағы келесі жарыстарға арналған стратегияны айқындауға жол ашты.
Жарысты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен «Қазақстан эстетикалық топтық гимнастика федерациясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.