eGov Business платформасы кәсіпкерлерге қандай мүмкіндік береді
Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бизнеске арналған цифрлық құралдарды дамыту барысы жайлы мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңартылған eGov Business платформасы іске қосылды.
«Онда кәсіпкерлерге арналған қызметтер, сервистер және мемлекеттік қолдау шаралары цифрлық форматта шоғырланып жатыр. Сандар нәтижені анық көрсетіп отыр. Биыл жаңартылған қосымша 135 мың рет жүктелді, ал оны ай сайын 35 мың кәсіпкер тұрақты пайдаланады», — деді министр.
Сонымен бірге eGov Business кәсіпкерлерге бизнестің бүкіл үдерісінде қолдау көрсетеді. Бизнесті тіркеу, шот ашу, лицензия алу, дамыту, компания құрылымына өзгеріс енгізу — бәрі бір қосымшада. Мәселен, бұған дейін жеке кәсіпкерлікті (ЖК) жабудың нақты әрі түсінікті рәсімінің болмауы өзекті мәселе еді. Бұл процесс цифрлық форматқа көшпеген болатын. Енді ол eGov Business-те қолжетімді.
«Ал осы айдың басында қосымша арқылы бизнестегі үлесті сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі пайда болды. Биылғы ақпан айында eGov Business-ті одан әрі дамытудың кешенді жоспарын бекіттік. Біз мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіреміз. Тәуекелге бағдарланған сервистерді, бизнестің цифрлық картасын, сондай-ақ кәсіпкерлерге арналған жер, мүлік және өзге де сервистерді дамытамыз», — деді Жаслан Мәдиев.
Оның мәлімдеуінше, жақын арада кәсіпкерлер банкке бармай-ақ, корпоративтік Visa банк картасын тікелей eGov Business қосымшасы арқылы рәсімдеп, оны бірден Apple Pay, Google Pay немесе Samsung Pay жүйелеріне қоса алады. Картаның деректемелері қосымшада қолжетімді болады. Қауіпсіздікке де жете мән берілген, себебі платформа жеке деректерді сақтамайды әрі көрмейді — бұған банк пен Visa жауап береді.
«Қыркүйек айында eGov Business-те Smart Contract сервисі іске қосылады. Онда шарттарды, мәмілелерді, оның ішінде мердігерлермен жасалатын шарттарды цифрлық қолтаңба арқылы қол қойып, толығымен электрондық форматта рәсімдеуге болады. Қағазсыз және делдалсыз», — деді министр.
Алайда ол бірқатар келеңсіз жайт бар екенін де атап өтті. Цифрландыруға қарамастан, кәсіпкерлер әлі де ұзаққа созылатын процестерге тап болып келеді. Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бизнесті бастау мен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қажетті кей тетік монополистердің қолында. Олар жер учаскелерін бөлу, инженерлік желілерге қосылуға рұқсат және техникалық шарттар беру сынды процестерге тікелей қатысады.
«Дәл осы жерде өтінімдерді қарау мерзімдері жүйелі түрде бұзылып отыр. Норматив бойынша келісу рәсімдеріне небәрі 5 жұмыс күні беріледі. Ал іс жүзінде 3 мың өтінім 3 айдан астам уақыт бойы монополистерде «тоқтап қалған». Антилидерлер қатарында — «Алматы Су», «Павлодарэнерго», «QazaqGaz Aimaq» өңірлік құрылымдары. Монополистердің көбі цифрлық форматқа көшуге асықпауда. Бұл жұмыс тек Астанада, Жетісу және Алматы облыстарында ғана тиісті деңгейде жолға қойылған. Ұлттық экономика министрлігінің үйлестіруімен басқа өңірлер де осы тәжірибені қолға алуы тиіс», — деді Жаслан Мәдиев.