Алматылық «Қайрат» командасының шабуылшысы Дастан Сатпаевтың жейдесі Будапешт қаласында Чемпиондар лигасының финалы қарсаңында ұйымдастырылған арнайы көрмеге қойылды.

Атақты футболшылардың жейделері ұсынылған инсталляция Венгрия астанасының орталығындағы әйгілі Батырлар алаңында орналасқан.

Қазақстан ұлттық құрамасының баспасөз хатшысы Әлімжан Асқар әлеуметтік желіде хабарлағандай, көрмеде Давид Луис, Иван Перишич, Кевин де Брюйне сияқты танымал футболшылардың жейделерімен қатар, Дастан Сатпаевтың қолтаңбасы қойылған жейдесі де ұсынылды.

Айта кетейік, 17 жастағы ұлттық құрама шабуылшысы 2025/26 жылғы еурокубок маусымында тарихи жетістікке қол жеткізді. 2025 жылдың қарашасында ол даниялық «Копенгаген» қақпасына гол соғып, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде топ жарған алғашқы қазақ футболшысы атанды.

Сонымен қатар, Сатпаев турнир тарихындағы ең жас гол авторларының қатарына енді. Жас көрсеткіші бойынша ол тек «Барселона» ойыншылары Ансу Фати мен Ламин Ямальға жол береді.