Батыс Қазақстанда үш жасөспірім Сарыөзенде суға батып кетті
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылы маңындағы Сарыөзенде қайғылы оқиға орын алды.
БҚО ТЖ департаментінің хабарлауынша, 9 маусым күні кешкі сағат 18:25 шамасында аудандық полиция бөлімінен хабар түсті. Оған сәйкес, 2009 жылы туған екі және 2008 жылы туған бір жасөспірім арнайы жабдықталмаған, шомылуға арналмаған жерде суға түсіп, батып кеткен. Аталған аумақта суға түсуге тыйым салынған ескерту белгісі орнатылған.
Оқиға орнына Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дереу жеткенімен, қаза болғандардың денелері жергілікті тұрғындардың күшімен судан шығарылды. Қазір қайғылы оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.
ТЖМ балалар мен жасөспірімдерді қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырып, су айдындарына тек ресми түрде рұқсат етілген орындарда шомылу қажет екенін еске салды. Сондай-ақ балаларды қараусыз қалдырмау маңызды.
Қайтыс болған жасөспірімдердің үшеуі де осы жылы мектепті бітірген түлектер болған.