Қазақстанның ірі қалаларында қоқыс өңдеу зауыттарын салу жоспарланып отыр
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даогомен кездесу өткізді.
Онда Алматы қаласында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауытын салу жөніндегі жобаны жүзеге асыру барысы талқыланды. Бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd компаниясы арасында қол қойылған инвестициялық келісімге сәйкес осы жылдың мамыр айында 145 млрд теңгелік инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастаған болатын.
Hunan Junxin Environmental Protection Co., Ltd директорлар кеңесінің төрағасы Дай Даого жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға дайындық жүріп жатқанын хабарлады.
Қуаты тәулігіне 2 мың тоннаға дейінгі қалдықты қайта өңдеуге жететін кәсіпорын 60 МВт-қа дейін электр энергиясын өндіре алады, көмірқышқыл (CO2) газының қалдықтарын жылына 200 мың тоннаға дейін қысқартып, жыл сайын қоқыс полигоны аумағының шамамен 800 мың текше метр көлемін босата алады. Құрылыс кезеңінде кемінде 700 жұмыс орны, ал іске қосылғаннан кейін 120 тұрақты жұмыс орны құру көзделген.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға айрықша назар аударатынын атап өтті. Жаңа Конституцияда қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік саясат пен азаматтық жауапкершіліктің негізгі қағидаттарының бірі ретінде бекітілген. Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қолайлы жағдай жасайтыны атап өтілді.
Сонымен қатар кездесу барысында Қазақстанның өзге де өңірлерінде осындай жобаларды жүзеге асыру арқылы қалдықтарды кәдеге жарату саласындағы ынтымақтастықты кеңейту келешегі талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен өзге де жауапты мемлекеттік органдарға компаниямен шұғыл түрде ынтымақтастықтың барлық қырын зерделеуді және бір ай ішінде Қазақстанның бірқатар ірі қаласында қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі зауыттар салу туралы келісімге қол қоюға дайындауды тапсырды.
Бұған дейін хабарланғандай, Үкімет Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Павлодар және өзге де қалаларда қалдықтарды кәдеге жарату зауыттарын салу мәселесін пысықтауда.