Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан аумағына бидай импортын уақытша шектеуді көздейтін бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатта автомобиль, су және теміржол көлігі арқылы бидай әкелуге алты ай мерзімге тыйым салу ұсынылған.

Министрлік бұйрық жобасына қатысты ұсыныстар мен ескертулерді қабылдауға дайын екенін хабарлады.

Құжатқа сәйкес, тыйым үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен Қазақстан аумағына әкелінетін бидайға қатысты қолданылады. Алайда бірқатар ерекшелік қарастырылған.

Үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен Қазақстан Республикасының аумағына құс шаруашылығы және астық өңдеу кәсіпорындарының, лицензияланған элеваторлардың, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының мекенжайына теміржол көлігімен бидай әкелуді қоспағанда, автомобиль, су және теміржол көлігімен бидайды (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды: 1001) әкелуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін.

Ережеге сай, құс шаруашылығы және астық өңдеу кәсіпорындарының мекенжайына әкелінген бидай ішкі және сыртқы нарықтарда өткізілмеуі, яғни сатылмауы тиіс.

Сонымен қатар тыйым теміржол арқылы Қазақстан аумағы бойынша транзитпен өтетін бидайға қолданылмайды. Сондай-ақ бұл шектеу Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан екінші мүше мемлекеттің аумағына Қазақстан арқылы тасымалданатын бидайға қатысты болмайды.

Тыйым салу Қазақстан Республикасының аумағына теміржол транзиттік тасымалдары шеңберінде әкелінетін бидайға, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына орнын ауыстыруға қолданылмайды.