Мемлекет басшысының жасанды интеллект саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қазақстанда ұлттық AI экожүйесін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасып келеді.

Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі ретінде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Жасанды интеллект департаменті өз қызметін Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығы базасында жалғастырмақ.

Бұл шешім ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі арасындағы келісім негізінде қабылданды. Жаңа формат қазақ тілінің цифрлық технологиялардағы әлеуетін арттыруды мақсат еткен ғылыми және инновациялық жобаларды Astana Hub технопаркі мен Alem AI экожүйесінде бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Бұл – ғылым, мемлекеттік басқару және технологиялық қауымдастық арасындағы ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеретін, сондай-ақ қазақ тілінің жасанды интеллект экожүйесіндегі стратегиялық маңызын айқындайтын елеулі қадам», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Қазіргі уақытта «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Alem AI экожүйесімен ынтымақтастықты кеңейту және озық цифрлық шешімдерді бірлесіп әзірлеу бағытында келіссөздер жүргізіп жатыр.

Тараптар қазақ тілінің технологиялық әлеуетін арттыруға арналған бірлескен жобаларды жүйелі түрде іске асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, ұлттық тілдік қорды кеңейту, қазақ тіліне арналған ұлттық үлкен тілдік модельдерді (LLM) жетілдіру және жаңа AI шешімдерін әзірлеу көзделген.

«Тіл-Қазына» орталығының Жасанды интеллект департаменті қазақ тілінің цифрлық архитектурасын дамытуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейтуге, жасанды интеллект агенттерін әзірлеуге және қазақ тілінің AI саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмыстарды атқарады.