Қазақстан экономикасы 2026 жылдың алғашқы жеті айында 4,1%-ға өсті. Мұнай өндіру төмендегеніне қарамастан, өсім өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік, сауда және ауыл шаруашылығы сынды салалардың есебінен қамтамасыз етілді.

ҰСБ алдын ала дерегіне сүйенсек, 2026 жылғы қаңтар-шілдедегі ЖІӨ өсімі – 4,1%. Бұл бірінші жартыжылдықтағы көрсеткіш деңгейінде. Мұнай өндірудің 8,9%-ға (53,2 млн тонна) төмендеуіне және жаһандық нарықтың құбылмалылығына қарамастан, өсудің орнықтылығынан көрінетін оң серпінге қол жеткізілді.

Фото: Үкімет

Экономикалық өсу шикізаттық емес сектор есебінен қолдау тауып, ҰЭМ есептеуінше, биылғы жеті айда 5,4%-ға артқан. Экономиканың негізгі сегменті – өңдеу өнеркәсібі – 9,0%-ға жоғары өсу қарқынын көрсетті. Бұл ретте машина жасау (22%), тамақ өнімдерін өндіру (13,9%), химия өнеркәсібі (26,9%), фармацевтика (38,5%), құрылыс материалдары (9,4%), дайын металл бұйымдары (35%) өңдеудегі өсу қарқыны бойынша көш бастап тұр. Құрылыста (15,3%), көлік пен қоймада (7,4%), саудада (5,9%), ауыл шаруашылығында (5%), байланыста (4,3%) айтарлықтай өсім тіркелді.

Фото: Үкімет

Айта кетерлігі, өткен жылдары экономиканың өсу қарқыны шикізат секторының серпініне қатты тәуелді болды. Өндірудің баяулауы ЖІӨ өсімін тежесе, жеделдеуі, тиісінше, күшті өсу қарқынына жол ашатын. Өнеркәсіптік әлеуетті нығайтып, даму институттарының рөлін күшейту, транзиттік, автомобиль және теміржол инфрақұрылымын дамытып, отандық тауар өндірушілер мен ШОБ-ты қолдау, шикізаттық емес бағыттарға инвестицияны арттыру арқылы экономиканы кезең-кезеңімен әртараптандыру соңғы жылдары экономикадағы мұнай секторының рөлін айтарлықтай төмендетті (2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ құрылымындағы мұнай өндіру үлесі 7,8%-ға дейін қысқарған).